Жоғарғы соттың деректері ұрланды ма? Даркнетте миллиондаған жазба сатылымға қойылды

Жоғарғы соттың деректері ұрланды ма? Даркнетте миллиондаған жазба сатылымға қойылды
pixabay.com

Даркнетте Қазақстан Жоғарғы сотына тиесілі болуы мүмкін 507 млн жазбадан тұратын ақпарат базасы сатылымға қойылды. Белгісіз сатушы бұл деректер үшін 50 мың доллар, яғни шамамен 22,2 млн теңге сұрап отыр, деп хабарлайды dalanews.kz.

Кибербарлау саласында жұмыс істейтін SOCRadar халықаралық компаниясы хабарландыруды 16 қарашада көлеңкелі интернет алаңдарының бірінен анықтаған. Brose лақап атымен тіркелген қолданушы 2014-2026 жылдар аралығындағы мәліметтер қамтылған 186 кестесі бар екенін мәлімдеген.

Хабарландырудағы сипаттамаға сәйкес, сатылымға шығарылған деректер базасында:

•⁠  ⁠азаматтардың жеке мәліметтері бойынша 16,6 млн жазба;
•⁠  ⁠сот процестеріне қатысушылар туралы 13,3 млн жазба;
•⁠  ⁠компаниялар туралы 6,8 млн жазба;
•⁠  ⁠жеке сәйкестендіру нөмірлері, төлқұжат деректері мен төлем ақпараты;
•⁠  ⁠сот құжаттары;
•⁠  ⁠құпиясөздердің хештері, әкімшілік аккаунттардың деректері мен сессия токендері болуы мүмкін.

Деректердің тарағаны расталды ма?

SOCRadar компаниясы әзірге аталған базаның шынайылығын растаған жоқ. Мамандардың түсіндіруінше, даркнетте хабарландырудың пайда болуы Жоғарғы соттың ақпараттық жүйелері бұзылғанын немесе сатушыда шынымен осындай көлемдегі мәлімет бар екенін дәлелдемейді.

Дегенмен киберқауіпсіздік сарапшылары деректердің шынайы екені анықталса, оның салдары елеулі болуы мүмкін екенін ескертеді. Атап айтқанда, азаматтардың жеке мәліметтері ұрлыққа, қаржылық алаяқтыққа пайдаланылуы ықтимал. Ал әкімшілік аккаунттардың деректері мен құпия сот құжаттарының жария болуы ақпараттық жүйелерге рұқсатсыз қол жеткізу қаупін арттырады.