Студенттердің өлімінен кейін әл-Фараби атындағы ҚазҰУ тексеріледі

Студенттердің өлімінен кейін әл-Фараби атындағы ҚазҰУ тексеріледі
ашық дереккөз

Ғылым және жоғары білім министрлігі бір ай ішінде екі бірінші курс студенті қаза тапқаннан кейін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде кешенді тексеріс жүргізеді. Арнайы топ оқу орнындағы қауіпсіздік талаптары сақталуын, студенттермен жүргізілетін тәрбие жұмыстарын және психологиялық жұмысты бағалайды, деп хабарлайды dalanews.kz Tengrinews.kz-ке сілтеп.

Ғылым және жоғары білім министрлігі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне арнайы мониторинг тобын жібереді.

Министрлік мәліметінше, тексеріс кезінде жанжалдарды анықтау және олардың алдын алу тетіктеріне, студенттердің өтініштеріне уақтылы жауап беруге және психологиялық көмек көрсетуге ерекше назар аударылады.

Бұдан бөлек, министрлік Алматы қаласының Жастар саясаты басқармасымен бірлесіп, жұмыс тобын құрды. Оның құрамына прокуратура, полиция, Балалардың құқықтарын қорғау басқармасының өкілдері, психологтар мен қоғам белсенділері кірді.

Жұмыс тобы Алматыдағы студенттер жатақханаларын аралап, жастармен кездеседі және профилактикалық жұмыстар жүргізеді.

Еске салайық, бұған дейін студенттің өлімінен кейін ҚазҰУ проректоры мен факультет деканы қызметінен босатылды.