Қазақстанда 24 қарашадан бастап күндізгі стационарларда көрсетілетін медициналық қызметтер қатарына бедеулікті емдеудің бірнеше әдісі қосылады. Олардың қатарында жасанды ұрықтандыру, экстракорпоралды ұрықтандыру (ЭКҰ) және эмбрионды көшіру бар, деп хабарлайды dalanews.kz.
Сонымен қатар стационарда болу тәртібіне де өзгерістер енгізілді. Енді ата-аналар немесе басқа да жақындары бес жасқа дейінгі балалармен бірге ауруханада бола алады. Сондай-ақ дәрігерлер қосымша күтім қажет деп тапқан жағдайда, жасы үлкен балалардың жанында да туыстарының бірге болуына рұқсат етіледі.
Жоспарлы түрде ауруханаға жатқызу тәртібі де өзгерді. Енді науқасты қабылдайтын медициналық ұйым кезекті ескере отырып, емделушінің жатқызылатын күнін белгілейді.
Бұл туралы пациентке алдын ала хабарланады. Ескерту телефон қоңырауы, SMS немесе push-хабарлама арқылы жіберіледі.