Қазақстанда жыл басынан бері антибиотиктерді дәрігер рецептісіз сатқан дәріханаларға 8,2 млн теңгеден астам айыппұл салынды. Осы уақыт ішінде 38 әкімшілік хаттама толтырылды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, антибиотиктерді босату тәртібінің сақталуына қатысты тексерулер жалғасып жатыр. Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің аумақтық департаменттері дәрілерді рецептісіз сату деректері бойынша Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 426-бабының 1-бөлігіне сәйкес шара қабылдаған.
Салыстырмалы түрде айтсақ, 2023 жылы осыған ұқсас 26 хаттама толтырылып, 3,5 млн теңгеден астам айыппұл салынған. 2024 жылы 45 хаттама бойынша айыппұл көлемі 7,6 млн теңгеден асса, 2025 жылы 59 хаттама толтырылып, 9,5 млн теңгеден астам айыппұл өндірілген.
Министрлік дерегінше, дәріханаларда рецептісіз сатуға жиі әрекет жасалатын антибиотиктердің қатарында азитромицин, цефтриаксон, цефазолин және ципрофлоксацин бар.
Мамандар антибиотиктерді дәрігердің тағайындауынсыз қабылдау бактериялардың дәрілік препараттарға төзімділігін арттыратынын ескертеді. Бұл инфекциялық ауруларды емдеуді қиындатып, антибиотиктердің тиімділігін төмендетуі мүмкін.
Осы препараттардың айналымын бақылауды күшейту үшін Денсаулық сақтау министрлігі Цифрлық экономиканы дамыту орталығымен бірлесіп, жоғары тәуекел тобына жататын дәрілерге міндетті электрондық рецепт енгізу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Жаңа жүйе дәрілік заттарды цифрлық таңбалау және қадағалау жүйесімен біріктіріледі.