Каспий құбыр консорциумындағы іркілістер Қазақстанның мұнай секторына 2027 жылы да әсер етіп, өндіріс көлемін тежейді. Халықаралық валюта қоры Қазақстанның келесі жылға арналған мұнай өндіру болжамын 100 млн тоннадан 96 млн тоннаға дейін төмендетті, деп хабарлайды dalanews.kz.
ХВҚ миссиясының Қазақстандағы басшысы Амина Ларештің айтуынша, 2026 жылы мұнай секторында болған іркілістердің салдары келесі жылы да сезіледі. Сондықтан мұнай саласы 2027 жылы экономикалық өсімнің негізгі қозғаушы күшіне айналмайды.
«Әрине, біз 2026 жылы мұнай секторында болған іркілістерді ескердік және олардың 2027 жылға да әсер ететінін білеміз. Сондықтан 2027 жылы мұнай секторы өсімнің негізгі локомотиві болмайды деп есептейміз», – деді Амина Лареш Астанада өткен брифингте.
Оның сөзінше, КТК-ға жасалуы мүмкін жаңа шабуылдар мен мұнай секторындағы өзге де іркілістер бюджет кірісіне әсер етуі ықтимал. Мұндай тәуекелдер ХВҚ-ның негізгі сценарийінде қарастырылғанымен, нақты болжамға енгізілмеген.
«Біз мұнай секторындағы іркілістерге байланысты тәуекелдердің бар екенін мойындаймыз. Бұл тәуекелдерді анықтап, ресми органдармен талқыладық. Өйткені мұнай секторындағы одан әрі іркілістер үкіметтің иелігіндегі мұнай ресурстарына әсер етеді. Салық жүйесі арқылы бұл бюджет тапшылығына ықпал етуі мүмкін. Иә, біз мұны талқыладық. Мұндай жағдайлар базалық сценарий үшін тәуекел болып саналады. Базалық сценарий – біз ең ықтимал деп есептейтін болжам. Бірақ біз мұндай іркілістерді болжап отырған жоқпыз. Яғни, оларды талқылаймыз, алайда болжамымызға енгізбейміз», – деді миссия басшысы.
ХВҚ болжамына сәйкес, Қазақстан экономикасының өсімі негізінен мұнайға қатысы жоқ салалар есебінен жалғасады. 2026 жылы кейінге шегерілген мұнай секторындағы кейбір жұмыстар 2027 жылғы өндіріс қарқынына да кері әсер етеді.
ХВҚ-ның Таяу Шығыс және Орталық Азия елдері департаментінің аға экономисі Дин Хэн Қазақстанның 2027 жылғы мұнай өндіру болжамының төмендетілгенін нақтылады.
«Қазақстан 2027 жылы 100 млн тоннаға жете алар еді, алайда біз сценарийге тек 96 млн тоннаны енгізіп отырмыз. Себебі жөндеу жұмыстары жүргізілетінін ескердік. Бірақ әзірге одан да ауқымды төмендеу тәуекелдерін болжамға енгізген жоқпыз. Егер қандай да бір жағдай орын алса, сценарийді өзгертеміз. Әзірге болжам осындай», – деді ол.