Қазақстанда 2026 жылдың алғашқы он айында электр энергиясын өндіру көлемі 2,3%-ға өсіп, 102,4 млрд кВт/сағатқа жетті. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов баяндады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Кездесу барысында министр отын-энергетика кешенінің биылғы он айдағы негізгі көрсеткіштері, жылыту маусымының барысы және алдағы кезеңге арналған жоспарлар туралы есеп берді.
Президентке еліміздің барлық өңірінде жылыту маусымы қалыпты өтіп жатқаны айтылды.
Электр станцияларын жөндеуге бөлінетін қаржы 384 млрд теңгеге дейін ұлғайтылған. Негізгі жабдықтар мен желілер жөнделіп, жылу электр орталықтарының тозу деңгейі төмендеген. Сонымен қатар жағдайы күрделі «қызыл аймақтағы» станциялар саны бесеуге дейін қысқарған.
Ерлан Ақкенженовтің мәліметінше, мұнай өңдеу көлемі 4,7%-ға өскен. Ал жанар-жағармайдың жалпы қоры 1,2 млн тоннаға дейін көбейген.
Отандық битум өндірісі 1,1 млн тоннаны құрап, ішкі нарықтың сұранысын толық қамтамасыз еткен.
Қазір Шымкент мұнай өңдеу зауытының қуатын жылына 12 млн тоннаға дейін арттыру және Атырау облысында жаңа мұнай-химия кешенін салу жобалары жүзеге асырылып жатыр.
Жыл соңына дейін халықты газбен қамтамасыз ету деңгейін 64,5%-ға жеткізу жоспарланған. Нәтижесінде 13,2 млн азамат табиғи газға қол жеткізеді деп күтілуде.
Сондай-ақ Қашаған мен Жаңаөзенде жаңа газ өңдеу зауыттарының құрылысы жүріп жатыр. Қарашығанақ пен Қашағандағы екінші газ өңдеу зауыттарының жобалары бойынша EPC-келісімшарттар жасалған.
Энергетика министрлігі еліміздің 2035 жылға дейінгі бірыңғай энергетикалық теңгерімін қайта қарауға кіріскен. Бұл жұмыста энергияны көп тұтынатын деректерді өңдеу орталықтары мен жасанды интеллект инфрақұрылымының қажеттіліктері ескеріледі.
Геологиялық барлауды жандандыру мақсатында 112 кен учаскесі электронды аукционға шығарылған. Бұл - рекордтық көрсеткіш.
Бұдан бөлек, отын-энергетика кешені нысандарының цифрлық телнұсқаларын және 1,2 млн тұтынушыға көмір жеткізу барысын бақылайтын бірыңғай платформаны енгізу жұмыстары туралы баяндалды.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев халықты электр энергиясы және жылумен толық қамтамасыз етуді, жанар-жағармай мен көмір нарықтарының тұрақтылығын қатаң бақылауда ұстауды тапсырды. Сондай-ақ Мемлекет басшысы инвестициялық жобаларды сапалы жүзеге асыру жөнінде бірқатар міндет жүктеді.