Семейде кәмелетке толмаған жасөспірімнің қазасына байланысты полиция тексеру жүргізіп жатыр. Оқиғаның ықтимал себептері, соның ішінде ата-ананың қысымы мен оқу үлгеріміне қатысты мән-жайлар да назарға алынды. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің өкілі мен Оқу-ағарту министрі мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитеті Ювеналды полиция басқармасының бастығы Асхат Дүйсембеков Құрылтайда өткен брифингте Семейдегі оқиғаға қатысты пікір білдірді.
«Семейдегі жағдайға келсек, мұндай оқиға шынымен болған және тіркелді. Қазір тексеру жүргізіліп жатыр», - деді ол.
Журналистер жасөспірімнің қазасына оқу үлгерімінің төмендігі немесе ата-анасының қысымы себеп болуы мүмкін бе деп сұрады.
Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова ата-аналар тарапынан болатын буллинг мәселесін жеке қарастыру қажет екенін айтты.
Министрдің сөзінше, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте кәмелетке толмағандар арасындағы буллинг үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Алайда ата-аналардың балаларға психологиялық қысым көрсетуі мәселесін де құқықтық тұрғыдан пысықтау қажет.
«Ата-аналар тарапынан болатын буллинг мәселесін Ішкі істер министрлігімен, ата-аналар қауымдастығымен және Әділет министрлігімен бірлесіп жан-жақты қарастыруымыз керек деп ойлаймын. Біз жылына екі рет республикалық ата-аналар жиналысын өткіземіз. Онда психологтар мен пән мұғалімдері ата-аналармен жұмыс істейді. Бірақ ата-аналар - бөлек санат. Біз оларға баланы қалай тәрбиелеу керектігін нұсқай алмаймыз», - деді министр.
Жұлдыз Сүлейменова Оқу-ағарту министрлігінің отбасылар мен үй ішіндегі тәрбие мәселелеріне тікелей араласуға өкілеттігі жоқ екенін де атап өтті.
Сонымен қатар ведомство Бала құқықтарын қорғау туралы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі бірлескен заң жобасын әзірлеуге қатысып жатқан ведомствоаралық жұмыс тобын құрған. Жоба аясында ата-аналардың жауапкершілігі мен бала тәрбиесіне қатысты тәсілдерді қайта қарау жоспарланып отыр.