Қазақстанда баланы туғаннан бастап сәйкестендіру жүйесі енгізілуі мүмкін

Қазақстанда баланы туғаннан бастап сәйкестендіру жүйесі енгізілуі мүмкін
Фото: ЖИ

Қазақстанда баланың жеке басын дүниеге келген сәттен бастап анықтайтын жүйе әзірлеу ұсынылды. Бұл мәселені Құрылтайда депутат Екатерина Смышляева көтерді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Қазір бала туған кезде оған ЖСН беріліп, туу туралы куәлік рәсімделеді. Алайда бұл құжатта сәбидің фотосуреті болмайды. Сондықтан куәліктің нақты сол балаға тиесілі екенін бірден анықтау қиын. Депутаттың айтуынша, бұл перзентханада нәрестелердің шатасып немесе ауысып кету қаупін тудыруы мүмкін.

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова баланы 16 жасқа толғанға дейін фотосуреті немесе биометриялық деректері арқылы сәйкестендіру мүмкіндігі қарастырылып жатқанын айтты.

"Бала дүниеге келгеннен кейін оған ЖСН беріледі және туу туралы куәлік рәсімделеді. Бірақ фотосуреті бар жеке куәлікті ол 16 жасқа толғанда ғана алады. Сондықтан оған дейін де баланың жеке басын нақты анықтайтын жүйе қажет. Қазір бұл мәселе Әділет министрлігі және Ішкі істер министрлігімен бірлесіп қарастырылып жатыр", – деді министр.