Өскеменде әкесінің қызын ернінен сүйген сәті түсірілген видео әлеуметтік желіде қызу талқыланды. Осы оқиғаға қатысты Құрылтайда өткен брифингте Ішкі істер министрлігі мен Оқу-ағарту министрлігінің өкілдері пікір білдірді, деп хабарлайды dalanews.kz.
ІІМ Ювеналды полиция басқармасының бастығы Асхат Дүйсембековтің айтуынша, аталған дерек бойынша жан-жақты тексеру жүргізілген. Алайда тексеру нәтижесінде қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзушылық белгілері анықталмаған.
Осыған байланысты материалды номенклатуралық іске есептен шығару туралы шешім қабылданған.
Ал Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мұндай әрекетті қарым-қатынастың жол берілмейтін түрі деп бағалады.
Министрдің сөзінше, биыл мектеп бағдарламасына «Жеке қауіпсіздік» пәні енгізілген. Оның негізгі мақсаты – балаларға жеке шекарасын қорғауды, қандай әрекеттерге жол берілетінін және қандай жағдайларда өз құқығын қорғау керектігін түсіндіру.
Жұлдыз Сүлейменова әр баланың жеке шекарасын түсініп, оны қорғауды үйренуі маңызды екенін атап өтті.