Қазақстанда кейінгі 20 жылда ауыл шаруашылығының құрылымы айтарлықтай өзгерді. Мал басының басым бөлігі енді жеке аулаларда емес, агроқұрылымдар мен фермерлік қожалықтарда шоғырланып отыр. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы 2025 жылғы ауыл шаруашылығы санағының қорытындысында мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Санақ дерегіне сүйенсек, 2006 жылы ауыл шаруашылығы құрылымдары елдегі малдың небәрі 20 пайызын иеленсе, қазір бұл көрсеткіш 68 пайызға жеткен. Ал жеке қосалқы шаруашылықтардың үлесі, керісінше, 32 пайызға дейін қысқарды.
Соңғы екі онжылдықта мал басы біртіндеп халықтың жеке шаруашылықтарынан ұйымдасқан аграрлық секторға ауысқан. Қазір малдың үштен екісінен астамы ауыл шаруашылығы құрылымдарының иелігінде.
Егін шаруашылығында да елеулі өзгеріс бар. Елдегі егістік көлемі 18,3 миллион гектардан 23,2 миллион гектарға дейін кеңейген. Алайда алқаптардың құрылымы бұрынғыдай бір ғана бағытқа тәуелді емес. Дәнді дақылдардың үлесі 81 пайыздан 69 пайызға азайса, майлы дақылдар 4 пайыздан 17 пайызға дейін көбейген. Бұл шаруалардың нарықтағы сұранысқа қарай табысы жоғары өнімдерге бет бұра бастағанын аңғартады.
Аграрлық салада жұмыс істейтін субъектілер саны да артқан. Жиырма жыл бұрын елде 204 мың ауыл шаруашылығы құрылымы болса, қазір олардың қатары 290 мыңға жетті. Ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының саны 9,5 мыңнан 21 мыңға дейін көбейді. Ал шаруа және фермер қожалықтары мен осы бағытта еңбек ететін жеке кәсіпкерлердің жалпы саны 269 мыңды құрады.