Шіліктіде сақ қорғандарына бульдозермен зақым келгені туралы ақпарат тарады

Шіліктіде сақ қорғандарына бульдозермен зақым келгені туралы ақпарат тарады
видео кадры

Шығыс Қазақстан облысындағы Шілікті өңірінде орналасқан сақ қорғандарына ауыр техникамен зақым келтірілгені туралы ақпарат тарады. Әлеуметтік желіде тараған мәліметке сәйкес, 13 қарашада қорғандардың үстінен бульдозер жүрген, деп хабарлайды dalanews.kz.

Әлеуметтік желіде Шілікті өңірінде түсірілген бейнежазба тарады. Видеоға қоса берілген ақпаратта 13 қараша күні сақ қорғандарының үстінен бульдозер өткені айтылған.

Алайда әзірге бейнежазбаның нақты қай жерде түсірілгені, аумақта қандай жұмыстар жүргізілгені және тарихи ескерткіштерге шынымен зақым келген-келмегені белгісіз.

Шілікті өңірі – Қазақстанның көне тарихы үшін маңызы зор археологиялық аймақтардың бірі. Мұнда сақ дәуірінен қалған көптеген қорған бар. Сондықтан тарихи мұраға қатысты тараған бұл ақпарат қоғамда алаңдаушылық туғызды.

Осыған байланысты жауапты органдардан жағдайды анықтап, оқиғаға қатысты ресми түсініктеме беру сұралды. Мәселе Шығыс Қазақстан облысының прокуратурасы мен мәдениет саласына жауапты органдардың назарына ұсынылды.

Әзірге құзырлы мекемелердің ресми жауабы жарияланған жоқ.