Қазақстанда риелторлардың комиссия алу тәртібі өзгеруі мүмкін

Қазақстанда риелторлардың комиссия алу тәртібі өзгеруі мүмкін
Фото: freepik.com

Елімізде жылжымайтын мүлік делдалдарының қызметін заңнамалық тұрғыдан реттеу жоспарланып отыр. Сауда және интеграция министрлігі депутаттармен бірлесіп, риелторлар жұмысына қойылатын жаңа талаптарды әзірлеуде, деп хабарлайды dalanews.kz.

Ұсынылып отырған өзгерістерге сәйкес, риелторға жүгінбеген азаматтан комиссия өндіріп алуға жол берілмеуі мүмкін. Мәселен, баспананы өз бетімен тауып, сатып алуға немесе жалға алуға келген адам делдал қызметіне тапсырыс бермесе, одан ақы талап етуге тыйым салынбақ.

Сонымен қатар риелтор көрсететін қызметтің бағасы, комиссия көлемі және екі тараптың міндеттері алдын ала жасалған келісімшартта ашық әрі нақты жазылуға тиіс.

Бұдан бөлек, жылжымайтын мүлік делдалдарының кәсіби даярлығын тексеру ұсынылып отыр. Алдағы уақытта риелторлық қызмет реттелетін кәсіп түрлерінің қатарына енгізілуі ықтимал. Бұл талаптар нарықтағы түсініксіз төлемдерді азайтып, азаматтардың құқығын қорғауға бағытталған.