Қазақстан Nvidia акцияларының құлауынан келген шығынды есептеп көрмек - DALA INSIDE

Қазақстан Nvidia акцияларының құлауынан келген шығынды есептеп көрмек - DALA INSIDE
ашық дереккөз

Осы аптада кей акциялар құнының құлауы мен АҚШ суверенды облигациялары (US Treasuries) кірістілігінің өсуінен туындаған акциялар нарығындағы пессемизмнің Қазақстан қорларына әсеріне баға берілмек. Құлаудың басты драйверы Nvidia болды.

"Қазір Ұлттық қор мен Біріңғай жинақтаушы зейнетақы қорының шетелдік акцияларда ұстап отырған ақшасы шамамен 13,9 трлн теңге немесе 31 млрд доллар. Бұл аз сома емес. Сондықтан Nvidia мен US Treasuries бойынша жағдай алаңдауға тұрарлық", - дейді, DALA INSIDE дереккөзі.

Nvidia акциялары шамамен 10 пайызға арзандады. Ұлттық қор мен БЖЗҚ-ның шетелдік акциялар портфеліндегі Nvidia үлесі 1% болған сценарийде, осы құлдырау портфельдің нарықтық құнын шамамен 13,94 млрд теңгеге төмендетеді. Бұл жалпы 30,97 млрд доллар портфельдің 0,1%-ына тең.

Қазақстанның инвестициялық портфельдеріне қысым тек Nvidia арқылы келмейді. АҚШ қазынашылық облигацияларының (US Treasuries) кірістілігі өскенде, әлемдік акциялар нарығына да салмақ түседі. Механизмі қарапайым. АҚШ мемлекеттік облигациялары жоғарырақ кіріс ұсынса, инвесторлар акциядан да көбірек табыс талап етеді. Осы ықпал Nvidia-мен шектелмей, халықаралық индекстерге кіретін басқа компанияларға тараса, Қазақстанның шетелдік акциялар портфеліне әсері әлдеқайда ауқымды болуы мүмкін.

Бұған дейін есептеген 30,97 миллиард долларлық портфельді негізге алғанда, акциялардың жалпы нарықтық құны 1 пайыз төмендесе, азаю 309,7 миллион долларды, шартты 450 теңгелік бағаммен 139,36 миллиард теңгені құрайды.

Бұл портфельдің нарық қозғалысына сезімталдығын көрсететін сценарий. Treasuries кірістілігі 1 пайыздық тармаққа көтерілсе, акциялар дәл 1 пайыз түседі деген байланыс жоқ. Индекстің қозғалысы мен нақты портфельдің нәтижесі де бірдей болмауы мүмкін.

Сондықтан Қазақстан Nvidia-дағы жеке позициямен бірге бүкіл акциялар портфелінің қозғалысын жіті бағалап отыр.