Қазақстан жылына 100 миллион тоннаға жуық мұнай өндірсе де, алдағы бірнеше жылда бензин тапшылығына тап болуы мүмкін. Мұнай-газ саласының сарапшысы Асқар Исмаилов осындай болжам жасады, деп хабарлайды dalanews.kz Finratings.kz-ке сілтеп.
Сарапшының айтуынша, 2030 жылға қарай отандық мұнай өңдеу зауыттарына шикізат жетпей қалуы ықтимал. Мұндай жағдайда бензин қымбаттатуы да мәселені шешпейді.
"Бензин бағасын 1000 теңгеге дейін көтеруге болады. Бірақ өңдейтін мұнайдың өзі болмайды", - деді ол TENGE TALKS YouTube арнасындағы сұхбатында.
Исмаилов мұның себебін ескі кен орындарындағы өндіріс азаюымен және мұнай компаниялары шығыны көбеюімен байланысты деп түсіндірді. Оның сөзінше, ішкі нарықтағы мұнай бағасы экспорттық бағадан әлдеқайда төмен. Сондықтан кейбір компанияларға мұнай өндіру тиімсіз болуы мүмкін.
Сарапшы Қазақстанда өндірілетін мұнайдың басым бөлігі шетелге сатылатынын еске салды. Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ сияқты ірі жобалар негізінен экспортқа жұмыс істейді. Ал отандық зауыттар ұзақ жылдан бері игеріліп келе жатқан басқа кен орындарының мұнайына тәуелді.
"2030 жылға қарай Қазақстанда өңдеуге арналған мұнай қатты жетіспейді. Мұнай өңдеу зауыттарының қуатының жартысы пайдаланылмай қалуы мүмкін", – деді Исмаилов.
Ол бензиннің бір литрі болашақта бір долларға дейін қымбаттауы мүмкін екенін де жоққа шығармады. Дегенмен бұл - нақты бекітілген баға емес, сарапшының болжамы. Исмаиловтың пікірінше, Қазақстанға төртінші мұнай өңдеу зауыты қажет. Бірақ жаңа кәсіпорын Теңіз бен Қашаған мұнайын өңдеуге бейімделуге тиіс. Әйтпесе жаңа зауыт салынған күннің өзінде шикізат тапшылығы шешілмеуі мүмкін.
Энергетика министрлігі 2033 жылға қарай елдегі мұнай өңдеу қуатын жылына 18,4 миллион тоннадан 40 миллион тоннаға дейін арттыруды жоспарлап отыр. Исмаилов бұл жоспарды жүзеге асыру үшін алдымен зауыттарды жеткілікті мұнаймен қамтамасыз ету мәселесін шешу қажет деп санайды. Әйтпесе 2030 жылға қарай Қазақстанда бензин мен дизель отыны қымбаттап қана қоймай, тапшылық та туындауы мүмкін.