Қазақстанда тағы бір миллиардер пайда болды: Higgsfield негізін қалаушы азаматтық алды

Қазақстанда тағы бір миллиардер пайда болды: Higgsfield негізін қалаушы азаматтық алды
instagram

Қазақстанда тағы бір миллиардер пайда болды. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді. Ол Higgsfield компаниясының негізін қалаушылардың бірі Алекс Машрабовқа Қазақстан азаматтығын табыстағанын хабарлады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Министрдің айтуынша, 30 қазанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алекс Машрабовқа Қазақстан азаматтығын беру туралы жарлыққа қол қойған. Жаслан Мәдиев бұл шешім елімізде жасанды интеллект саласын дамытуға және талантты мамандарды қолдауға бағытталғанын атап өтті.

«Президент жасанды интеллектіні дамытуға және талантты мамандарды қолдауға ерекше көңіл бөледі. Болашақ технологияларын жасап жүрген адамдар өз жоспарларын Қазақстанмен байланыстырып, осында идеяларын жүзеге асыруға мүмкіндік тапқанын қалаймыз», – деп жазды министр.

Ол сондай-ақ Higgsfield командасына Қазақстанның жасанды интеллект индустриясын дамытуға қосқан үлесі үшін алғыс білдірді. Министрдің сөзінше, компания әлемдік нарықта сұранысқа ие экспорттық өнім жасап, бүгінде оның қызметін 40 миллионнан астам адам пайдаланады.

«Бұл – үлкен жетістік. Сіздердің табыстарыңыз жастарымызға үлгі бола алады. Қазақстанда жүріп-ақ әлемдік деңгейдегі технологияларды жасап, жетекші компаниялармен бәсекелесуге және халықаралық нарыққа шығуға болатынын көрсетеді», – деді Жаслан Мәдиев.

Министр Алекс Машрабовтың Қазақстанға сенім артып, еліміздің азаматы болуға шешім қабылдағанын да атап өтті. Оның айтуынша, алдағы уақытта тараптар жаңа өнімдер әзірлеп, таланттарды дамытуға және Қазақстанның технологиялық әлеуетін нығайтуға бірлесе күш салмақ.

«Алекс, Қазақстан азаматтығын алуыңызбен құттықтаймын!» – деп жазды министр.