Ақтөбеде көлік полицейлері синтетикалық есірткі тарататын ірі арнаның жолын кесті, деп хабарлайды dalanews.kz.
Арнайы операция барысында жедел уәкілдер 10 келі Альфа-PVP психотроп затты тәркілеп, ірі есірткі дүкенін жабдықтау арнасын бұғаттады және тұтынушыларға мыңдаған доза жетуіне жол бермеді.
Қылмыстық ниетті жүзеге асыру үшін қаскүнемдер жеке үйді жалға алып, кейін оны өлшеп-орау цехы ретінде пайдаланған. Үй-жайды тінту барысында психотроп заттар салынған 5 пакет табылды.
Тергеу барысында ұсталғандар кінәсін мойындап, есірткі жасырылған орын қайда орналасқанын айтты. Нәтижесінде орман алқабындағы жерден есірткі салынған тағы 10 пакет тәркіленді.
"Психотроп заттарды аса ірі мөлшерде өткізу дерегі бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабы 3-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды. Енді фигуранттарға мүлкі тәркіленіп, 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қаупі төніп тұр. Ұсталғандар қамауға алынды", - деп жазылған хабарламада.