Әлеуметтік желіде 17 қарашада әлем бойынша интернет өшіп, дағдарыс басталатыны туралы ақпарат тарады. Осыған байланысты Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігі түсініктеме берді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Желіде тараған хабарламада 17 қарашадан бастап интернет үш айға өшетіні, ірі банктерге хакерлік шабуыл жасалатыны және COVID 2.0 басталатыны айтылған. Сондай-ақ, адамдарға азық-түлік, су және қолма-қол ақша жинап қоюға кеңес берілген.
Алайда ТЖМ мұндай қауіп туралы ресми ескерту таратпағанын мәлімдеді.
"Бүгінде ТЖМ халықты шұғыл түрде азық-түлік, су және дәрі-дәрмек қорын жинауға шақыратын ресми ескерту жасаған жоқ", - деді министрліктің баспасөз қызметі.
Дегенмен ведомство төтенше жағдайларға дайындық ретінде үш тәулікке (72 сағат) жететін қажет заттарды алдын ала дайындап қоюға кеңес берді. Олардың қатарында ауызсу, құжаттар, қолма-қол ақша, байланыс құралдары, қуаттағыштар, қолшам және жылы киім бар.
Министрлік төтенше жағдайларға тәулік бойы мониторинг жүргізілетінін және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстары бақылауда екенін мәлімдеді.