Әлеуметтік желілерде 17 қарашада жаһандық интернет өшіп, банктерге хакерлік шабуыл жасалатыны туралы хабарламалар тарады. Осыған байланысты жұртшылық арасында азық-түлік пен су қорын алдын ала жинап қою қажеттігі талқыланып жатыр. Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігі бұл ақпаратқа қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Әлеуметтік желілерде әлем бойынша тараған болжамға сәйкес, 17 қарашада жаһандық интернет үш айға өшіріледі-мыс. Сондай-ақ ірі банктерге хакерлік шабуыл жасалып, пайдаланушылардың есепшоттарындағы барлық қаражат туралы деректер жойылады деген ақпарат тараған.
Бұл туралы X әлеуметтік желісіндегі Wesleysimplic есімді қолданушының жазбасы кеңінен талқыланып жатыр.
Жазба авторының айтуынша, интернетке жаппай кибершабуыл жасалып, «COVID 2.0» деп аталатын жаңа жағдай басталуы мүмкін. Оның болжамынша, мыңдаған адамның банк шотында нөл көрсетіліп, қаражатты қалпына келтіру мүмкін болмайды. Осыдан кейін жаһандық интернет үш айға ажыратылады-мыс.
Автор адамдарды азық-түлік, су, алтын, күміс, қару-жарақ және қолма-қол ақша жинауға шақырған. Алайда бұл ақпаратты растайтын ресми дерек жоқ.
ТЖМ не дейді?
NUR.KZ редакциясы Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігіне сауал жолдап, халыққа азық-түлік, су және дәрі-дәрмек қорын жинауға қатысты қандай да бір ескерту жасалған-жасалмағанын сұраған.
Министрлік мұндай ресми ескерту таратылмағанын мәлімдеді.
«Қазіргі уақытта ТЖМ халыққа азық-түлік, су және дәрі-дәрмек қорын шұғыл жинау қажеттігіне байланысты болжанған қауіптер немесе төтенше жағдайлар туралы ресми ескерту таратқан жоқ», – деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Азық-түлік қорын жинап қою қажет пе?
Сонымен бірге ТЖМ төтенше жағдайларға дайындық аясында әр азаматтың үш тәулікке (72 сағатқа) жететін ең қажетті заттар қорын алдын ала дайындап қойғаны дұрыс екенін атап өтті.
Мұндай қордың ішінде ауызсу, жеке құжаттар, қолма-қол ақша, байланыс құралдары мен қуаттағыштар, қолшам және жылы киім болғаны жөн.
Яғни министрлік қазақстандықтарды 17 қарашаға байланысты алаңдауға шақырған жоқ. Үш күнге жететін қажетті заттарды дайындау – төтенше жағдайларға арналған жалпы сақтық шарасы.