Батыс Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басқармасы басшысының бұрынғы міндетін атқарушы 100 млн теңге пара алғаны үшін 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Оның сыбайласы делдалдық жасағаны үшін 1 жыл 6 айға сотталды. Бұл туралы Астана қалалық соттарының баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 2026 жылғы 4 қарашада Р. және К. есімді азаматтарға қатысты айыптау үкімін шығарған. Олар аса ірі мөлшерде пара алу және парақорлыққа делдал болу баптары бойынша кінәлі деп танылды.
Сот материалдарына сәйкес, 2025 жылғы қыркүйек-қазан айларында басқарма басшысының міндетін атқарған Р. Ресей азаматына Батыс Қазақстан облысындағы өткізу бекеттері арқылы жүк көліктерін кедергісіз өткізуге көмектесуді ұсынған.
Жүк көліктерінің Қазақстанға кедергісіз кіруіне жалпы қамқорлық жасағаны үшін шенеунікке 100 млн теңге берілген. Бұл қаражатқа Ресейден Қазақстанға 1003 жүк көлігін өткізу көзделген.
Бұдан бөлек, пара беруші өзіне бағынысты заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің тәуекелдерді басқару жүйесіне енгізілгені туралы мәліметтер алып, туындаған шектеулерді айналып өту жөнінде кеңес алған.
Ал К. параны жеткізуде делдал болғаны үшін 24,8 млн теңге алған.
Сот Р.-ны Қылмыстық кодекстің 366-бабы 4-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, мүлкін тәркілеумен бірге 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сонымен қатар оған белгілі бір лауазымдарды өмір бойы атқаруға тыйым салынды.
К. Қылмыстық кодекстің 368-бабы 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, мүлкін тәркілеумен бірге 1 жыл 6 айға сотталды. Оған да белгілі бір лауазымдарды өмір бойы атқаруға тыйым салынды.
Сот екі сотталушының да кәмелетке толмаған балалары барын жеңілдететін мән-жай ретінде ескерген. Ал Р.-ға қатысты бұрын қабылдаған антын бұзған адамның қылмыс жасауы ауырлататын мән-жай деп танылды.
Сот қылмыстық жолмен алынғаны анықталған ақшаны мемлекет кірісіне тәркілеу және сотталғандардан заңсыз алынған қаражатты өндіріп алу туралы да шешім шығарды.
Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.