Сотқа жүгірмей-ақ мәселені шешуге болады: Алматыда медиацияның мүмкіндіктері айтылды

Сотқа жүгірмей-ақ мәселені шешуге болады: Алматыда медиацияның мүмкіндіктері айтылды

Алматы қаласының Алатау ауданындағы «Alatau Creative Hub» орталығында «Заң мен тәртіп: қоғамдағы медиацияның рөлі» атты қалалық конференция өтті. Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының қолдауымен «Social Project Management» орталығы ұйымдастырған жиынға мемлекеттік органдардың, сот, құқық қорғау саласының, бизнес пен азаматтық сектордың өкілдері, сарапшылар, медиаторлар және жастар қатысты, деп хабарлайды dalanews.kz.

Конференцияның негізгі мақсаты – Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында медиация институтының маңызын түсіндіру, қоғамда дауларды бейбіт жолмен шешу мәдениетін қалыптастыру.

Жиында «Парасат» орталығы директорының орынбасары, медиатор-тренер Мұхтар Адаев баяндама жасап, медиацияның қоғамдағы рөліне тоқталды.

Сондай-ақ «Құқық, медиация және келіссөз» ЖШС директоры, медиатор-тренер Аида Заманбекова, Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің сарапшысы Руслан Калиоллаев, Мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттың судьясы Гүлнар Бектұрғанова, Медеу аудандық сотының судьясы Айнұр Құмарова және басқа да сала мамандары сөз сөйледі.

Олардың қатарында кәсіпкер, меценат Дидар Құйқабаев, полиция капитаны Айза Нұрбек, медиатор Жарас Боранбаев, «Аманат Заңгер» Медиация және құқық институты» РҚБ кәсіби медиаторы Асем Наурызбаева және Әуезов ауданы балаларды қорғау орталығының маманы Диляра Өмірзақова болды.

Талқылау барысында қатысушылар медиация тәжірибесіне қатысты түрлі мысалдарды ортаға салып, дауларды сотқа жеткізбей шешудің тиімді жолдарын талқылады. Медиация қызметімен бұрын таныс болмаған азаматтар да сұрақтарын қойып, мамандардан жан-жақты жауап алды.

Айта кетейік, медиация – тараптардың өзара келісімге келуі арқылы дауды сотқа дейін немесе сот процесі барысында шешуге мүмкіндік беретін тетік. Бұл тәсіл уақыт пен қаражатты үнемдеп қана қоймай, тараптар арасындағы қарым-қатынасты сақтауға да көмектеседі.

Сарапшылардың айтуынша, Қазақстанда медиацияға жүгінген даулардың 80-90 пайызы оң шешімін табады. Сондықтан тұрғындардың құқықтық сауатын арттырып, медиация мүмкіндіктерін кеңінен таныстыру маңызды.

«Social Project Management» орталығы жыл басынан бері медиация институтын дәріптеу және дауларды бейбіт жолмен шешу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған бірқатар іс-шара өткізген. Бүгінгі конференция осы жобаның қорытынды жиыны болды.

Мамандардың пікірінше, мұндай кездесулер қоғамда өзара түсіністік пен келісім мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді. Азаматтар кез келген келіспеушілік туындаған кезде бірден сотқа жүгінбей, алдымен медиация мүмкіндігін қарастырса, көптеген мәселені жылдам әрі тиімді шешуге болады.