Қазақстандық оқушының Гарвардқа түскені туралы ақпаратқа қатысты күмән туындады

Қазақстандық оқушының Гарвардқа түскені туралы ақпаратқа қатысты күмән туындады
Ашық дереккөз

Әлеуметтік желілерде қазақстандық оқушы Айханым Оқасованың АҚШ-тағы Гарвард университетіне оқуға түскені туралы жарияланған ақпарат қызу талқыланып жатыр, деп хабарлайды dalanews.kz.

Threads желісіндегі қолданушы оның шетелдік жоғары оқу орындарына түскені, бірнеше грант иегері болғаны және тоғыз тіл меңгергені туралы мәлімдемелеріне күмән келтіріп, бірқатар құжаттардың түпнұсқалығын тексергенін хабарлады.

Жарияланым авторының айтуынша, оқушы өзін Harvard Extension School оқу орнының Bachelor of Liberal Arts бағдарламасына қабылданғанын және International Student Scholarship грантын иеленгенін мәлімдеген. Алайда автор Гарвард университетінің қабылдау бөліміне жүгініп, әлеуметтік желіде жарияланған қабылдау және шәкіртақы туралы хатты тексеруге жіберген.

Threads жазбасында көрсетілген университет өкілдерінің жауабына сәйкес, ұсынылған құжат түпнұсқа емес және Harvard Extension School мекемесінің қабылдау талаптары мен қаржылай көмек ұсыну ережелеріне сәйкес келмейді.

Сонымен қатар университеттің жауабында Bachelor of Liberal Arts бағдарламасына түсу үшін талапкер мектепті бітіргеннен кейін кемінде бес жыл өтуі керектігі айтылған. Қазіргі уақытта мектепте оқып жүрген талапкерлер бұл бағдарламаға қабылдана алмайды.

Жарияланым авторы бұдан бөлек University of Minnesota Twin Cities университетіне де жүгінгенін мәлімдеді. Оның жазуынша, университет өкілдері оқушы жариялаған қабылдау хатын растамаған. Керісінше, құжаттың шынайы емес екенін және жасанды интеллект көмегімен жасалған болуы мүмкін екенін айтқан.

Сондай-ақ жазбада Айханым Оқасованың FLEX 2025–2026 алмасу бағдарламасына қатысушы болғаны туралы мәлімдемесі де сөз болады. Автор жарияланған құжаттың оқушының бағдарламаға қатысуға өтінім бергенін ғана растайтынын, ал іріктеуден өткенін дәлелдемейтінін алға тартқан.

Бұған қоса, оның тоғыз тіл меңгергені туралы мәлімдемесіне де күмән келтірілген. Жарияланым авторы корей тіліндегі жазбаларына қатысты сын-пікірлерді келтіріп, тіл деңгейін растайтын нақты дәлелдер жеткіліксіз екенін атап өткен.

Қазіргі уақытта Threads желісінде тараған бұл ақпарат қоғам назарын аударып, қызу талқыланып жатыр. Дегенмен оқиғаның барлық мән-жайы, оның ішінде оқушының өз түсініктемесі мен жарияланған құжаттардың түпнұсқалығы қосымша тексеруді қажет етеді.