Ақмола облысында бірнеше көлік соқтығысқан жол апатынан қаза тапқандар саны үш адамға жетті. Қайғылы оқиға салдарынан тағы бірнеше адам зардап шеккен, деп хабарлайды dalanews.kz.
Жол-көлік оқиғасы 1 қараша күні кешкі уақытта Астана – Петропавл тасжолының Макинск қаласына жақын тұсында болған.
Алдын ала мәлімет бойынша, апатқа төрт автокөлік қатысқан. Әуелі бойжеткен тізгіндеген Toyota Camry жол жиегіндегі қоршауға соғылған. Артынша осы көлікке Kia Rio келіп соқтығысып, кейін Chevrolet Cobalt автокөлігі де жол апатына ұшыраған.
Соқтығыс салдарынан Toyota Camry жүргізушісі мен жолаушысы жолдың қозғалыс бөлігіне шығып кеткен. Сол сәтте жолмен келе жатқан Geely автокөлігі екі әйелді қағып, екеуі де алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмған.
Апат салдарынан зардап шеккен бес адам Бұланды аудандық ауруханасына жеткізілген. Алайда олардың бірі, басынан ауыр жарақат алған ер адам, дәрігерлердің көмегіне қарамастан ауруханада қайтыс болды. Осылайша, қайғылы оқиғадан көз жұмғандар саны үш адамға жеткен.
Қаза тапқандардың арасында Петропавл қаласының тұрғындары да бар. Мәліметке сүйенсек, марқұм ерлі-зайыптылар елордада тұратын қызына барып, үйлеріне қайтып келе жатқан.
Қайтыс болғандардың бірі – Петропавл қалалық №2 емханасында химизатор болып жұмыс істеген Айгүл Жуандықова. Медициналық мекеменің қызметкерлері әріптесінің қазасын растап, оның отбасы мен жақындарына көңіл айтқан.