Таиландта халықаралық іздеуде жүрген 24 жастағы қазақстандық ұсталды. Ол алаяқтық жасады және ақшаны заңдастырды деген күдікке ілінген. Тергеу мәліметінше, мемлекетке келтірілген шығын 560 миллион теңгеден асады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Таиланд БАҚ мәліметінше, 3 қарашада полиция Пхукет аралындағы Патонг ауданында орналасқан жатақханадан қазақстандық азаматты ұстаған. Тәртіп сақшылары күдікті қайда тұратынын анықтап, сол мекенжайға барған. Жатақхана қызметкері оларды ер адамның бөлмесіне ертіп апарған. Есік ашылған кезде ол жасырынуға тырысқанымен, полиция оны ұстаған.
Жергілікті БАҚ мәліметінше, Қазақстанда ер адам алаяқтық және қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру бойынша іздестірілген. Тергеу нұсқасы бойынша ол сыбайластарымен бірге құжаттарды қолдан жасап, 20-дан аса жалған компания құрған. Күдіктілер осы компаниялар арқылы ақшаны қолма-қол ақшаға айналдырып, салық төлеуден жалтарған болуы мүмкін.
БАҚ дерегінше, мемлекетке келтірілген шығын 560,8 миллион теңгеге бағаланған. Оның Қазақстанға қашан экстрадицияланатыны әзірге белгісіз.