Көкшетауда мердігер тұрғын үйге бөлінген 211 млн теңгені жымқырған

Көкшетауда мердігер тұрғын үйге бөлінген 211 млн теңгені жымқырған
Фото: istockphoto.com

Көкшетауда әлеуметтік осал топтарға арналған тұрғын үйлердің құрылысына бөлінген 211 млн теңге бюджет қаражатын жымқырған мердігер сотталды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Іс материалдарына сәйкес, құрылыс компаниясының директоры 2021 жылы қалалық құрылыс бөлімімен екі тұрғын үй салу жөнінде жалпы құны 1,2 млрд теңгеден асатын келісімшарт жасасқан.

Алайда мердігер нысандардың бірінде құрылыс жұмыстарын мүлдем бастамаған. Ал екінші үй бойынша жалған құжаттар ұсынып, аванс алғаннан кейін жұмысты тоқтатқан.

Тергеу барысында жымқырылған қаражаттың айыпталушының қарыздарын өтеуге және жеке қажетіне жұмсалғаны анықталды.

Сот үкімімен серіктестік директоры 8 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды.