Атырауда «Хакер Атырау» деген лақап атпен танылған 32 жастағы азаматқа қатысты сот процесі жалғасып жатыр. Алаяқтық жасады деп айыпталған азаматтың ісіне байланысты журналист Жанат Молдашева пікір білдірді,, деп хабарлайды dalanews.kz.
Журналист әлеуметтік желідегі парақшасында сот отырысынан түсірілген фото және бейнежазбаларды жариялап, істегі қаржылық шығын көлеміне қатысты таңданысын жеткізген.
Оның айтуынша, шетелден Қазақстанға жеткізілген азаматқа қатысты қылмыстық іс бойынша көрсетілген шығын мөлшері өзі күткен сомадан әлдеқайда аз болып шыққан.
«Шетелден тауып алып, елге желкелеп жеткізгенге 200-300 млн жоғары борышы бар болар деп ойлағанмын. 13 млн теңге екен», – деп жазды журналист.
Жанат Молдашеваның бұл жазбасы әлеуметтік желіде қызу талқыланды. Желі қолданушылары азаматтың шетелден елге қайтарылуы, оған тағылған айып және сотта қаралып жатқан қаржылық шығын туралы түрлі пікір білдірген.