Алматыда жыл басынан бері сауда заңнамасын бұзған кәсіпкерлерге қатысты 2003 әкімшілік хаттама толтырылып, жалпы сомасы 82 млн теңгеден асатын айыппұл салынды. Оның ішінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына белгіленген сауда үстемесін асыру деректері де бар, деп хабарлайды dalanews.kz.
Қала әкімдігінің мәліметінше, әкімшілік хаттамалар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына рұқсат етілген сауда үстемесін арттыру және сауда қызметі туралы заңнаманың өзге де талаптарын бұзу фактілері бойынша рәсімделген.
Алайда әкімдік хабарламасында аталған хаттамалардың нақты қаншасы сауда үстемесін асыруға қатысты екені, қанша кәсіпкер жауапқа тартылғаны және олардың қандай сауда нысандарын басқаратыны көрсетілмеген.
Бақылау жұмыстарын Алматы қаласының Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментімен және басқа да мемлекеттік органдармен бірлесіп жүргізіп жатыр.
Сонымен қатар қалада делдалдық схемаларды тергеу жөніндегі өңірлік комиссияның отырыстары тұрақты өтеді. Комиссия өнімнің жеткізушіден бастап дүкен сөресіне дейінгі баға қалыптасу тізбегін зерделейді.
Мониторингке ірі сауда нысандары, сауда желілері, супермаркеттер, базарлар мен үй жанындағы дүкендер қамтылған. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына мемлекет сауда үстемесінің шекті мөлшерін белгілейді. Бұл талап бірінші кезектегі тауарлар бағасының негізсіз өсуіне жол бермеуге бағытталған.
Қала әкімдігі тексеру жұмыстары жалғасатынын хабарлады. Бақылаудың мақсаты – нарыққа қатысушылардың заң талаптарын сақтауын қамтамасыз ету және азық-түлік бағасының тұрақтылығын ұстап тұру.