Алматыда жаңа жылдық безендіруге 512,3 млн теңге жұмсалмақ

Алматыда жаңа жылдық безендіруге 512,3 млн теңге жұмсалмақ
жи: dalanews

Алматы қаласында Жаңа жыл мерекесіне дайындық жұмыстары басталды. Биыл шаһар көшелері мен алаңдарын безендіруге, мерекелік шырша орнатуға және концерт ұйымдастыруға бюджеттен 512,3 млн теңге қарастырылған, деп хабарлайды dalanews.kz.

Мерекенің басты нышандарының бірі Абай алаңына қойылады. Мұнда биіктігі кемінде 13 метр болатын үш деңгейлі шырша орнату жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, алаңға түрлі мерекелік инсталляциялар, сәндік композициялар мен жарық арка қойылады.

Мемлекеттік сатып алу порталында жарияланған мәліметтерге сәйкес, бөлінетін қаражат үш негізгі бағытқа жұмсалады:

Абай алаңын мерекелік безендіруге – 288,7 млн теңге;

Үш күндік концерт ұйымдастыруға және сахнаны безендіруге – 138,8 млн теңге;

Қала көшелеріне жарық кронштейндерін орнатуға – 84,8 млн теңге.

Осылайша, Алматыда биылғы Жаңа жыл мерекесінің безендірілуі мен мәдени бағдарламасына жарты миллиард теңгеден астам қаражат жұмсау көзделген.