Армения ҰҚШҰ-дағы дауыс беру құқығынан айырылуы мүмкін

Армения ҰҚШҰ-дағы дауыс беру құқығынан айырылуы мүмкін
жи: dalanews

Армения келесі аптада Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымындағы (ҰҚШҰ) дауыс беру құқығынан айырылуы мүмкін. Бұл мәселе ұйымның алдағы отырысында қаралуы ықтимал, деп хабарлайды dalanews.kz.

Ресей Сыртқы істер министрінің орынбасары Александр Панкиннің айтуынша, бұған Ереванның екі жылдан астам уақыт бойы мүшелік жарнаны төлемеуі себеп болуы мүмкін. Бұл туралы ол ТАСС агенттігіне мәлімдеген.

«Армения екі жылдан астам уақыт бойы жарна төлемей келеді. Сондықтан оның мүшелігін уақытша тоқтату, дәлірек айтқанда, берешегі өтелгенге дейін дауыс беру құқығынан айыру мәселесі қаралып, тиісті шешім қабылдануы мүмкін. Бұл – ұйым жарғысында көзделген техникалық рәсім», – деді дипломат.

ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің кезекті отырысы 11 қарашада Мәскеуде өтеді. Арменияға қатысты мәселе сол жиында қаралуы мүмкін.

Айта кетейік, Армения 2024 жылдың ақпанынан бері ҰҚШҰ қызметіне қатысуын тоқтатқан. Ал 5 қарашада ел премьер-министрі Никол Пашинян Арменияның ұйымға деген қызығушылығы жоғалғанын мәлімдеді.