NVIDIA компаниясының басшысы Дженсен Хуанг Қытай барлау қызметіне америкалық технологиялық алпауыттың құпия мәліметтерін беруі мүмкін деген күдікке байланысты АҚШ Конгресіне шақырылды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Конгресс мүшелерін кәсіпкердің Сингапурдағы Megaspeed компаниясының басшысы Элис Хуангпен байланысы алаңдатып отыр. Арнайы қызметтер оны Бейжіңнің мүддесіне жұмыс істейді деп күдіктенеді. Заң шығарушылар ірі көлемдегі чип сатып алу арқылы Қытай барлау қызметі АҚШ-тың жабық технологияларына қол жеткізуі мүмкін бе деген мәселені анықтағысы келеді. Осыған байланысты олар Дженсен Хуангты жабық отырысқа қатысып, түсініктеме беруге шақырған.
Ал NVIDIA компаниясы тыңшылық жасады деген күдікті жоққа шығарады. Компания өкілдері мұндай кездесулер клиенттермен тұрақты түрде өтетінін және келіссөздер барысында коммерциялық құпиялар талқыланбайтынын мәлімдеген.
Сонымен қатар IT алпауытының басшысы Орталық Азия елдерімен байланысын да нығайтып жүр. Жақында ол Қазақстанға алғаш рет келді. Сол сапар кезінде қазақстандық бірмүйіз Higgsfield компаниясы NVIDIA-дан инвестициялық қолдау тартты.