Алматының ауасын не ластайды?

Алматының ауасын не ластайды?
Алматы әкімдігі

Алматыдағы зиян шығарындылардың шамамен 60 пайызы көліктерге тиесілі, деп хабарлайды dalanews.kz.

Бұл жылына 113 мың тоннаға жуық зиян зат деген сөз. Дегенмен ауаны көлік қана ластамайды. Бұл туралы Алматы қаласы Экология және қоршаған орта басқармасы өкілдері хабарлады.

Қаладағы зиян шығарындылардың жалпы көлемі - шамамен 189 мың тонна. Оның басым бөлігі көлікке тиесілі.

Ауа ластануына көмір және отынмен жылытылатын жеке тұрғын үйлер де әсер етеді. Сондай-ақ, қатты және сұйық отын пайдаланатын нысандардан, соның ішінде моншалар мен қоғамдық тамақтану орындарынан, әсіресе, кәуапханалардан шығатын түтін де ауаны ластайды.

Алматының табиғи ерекшеліктері де ауа сапасына әсер етеді. Қала Іле Алатауының бөктерінде орналасқан. Қыста, әсіресе, тымық күндері инверсия құбылысы байқалады. Яғни, жылы ауа қабаты зиян шығарындылар жоғары қарай тарауына кедергі келтіреді. Соның салдарынан ластаушы заттар атмосфераның төменгі қабатында жиналып қалады.

Алматыдағы ауа сапасын жақсарту үшін экологиялық талаптарды кезең-кезеңімен енгізу көзделген.

2025 жылы 30 желтоқсанда бекітілген ауаны қорғау қағидаларына сәйкес ауаны ластайтын стационарлық көздерге бақылауды күшейту, газ тазарту қондырғыларын пайдалану, сондай-ақ, газ тартылған аудандарда қатты және сұйық отын жағуды шектеу шаралары қарастырылады.

Көліктен шығатын зиян заттарды азайту да маңызды бағыттардың бірі. Қалада автобус паркін жаңарту жұмыстары жалғасып, қоғамдық көлікке арналған арнайы жолақтар желісі кеңейіп келеді. 

Бұдан бөлек, биыл сәуірден бастап Алматыда шығарындылары төмен аймақты (LEZ) енгізу бойынша пилоттық жоба жүзеге асырылып жатыр. Жобаның сынақ кезеңінде оған қатысу ерікті түрде жүргізіледі. Кіру үшін ақы алынбайды, айыппұл салынбайды және көлік қозғалысына шектеу қойылмайды.