Қазақстандық құрылысшылар жаңа Салық кодексіне наразы болып, петиция жариялады

Қазақстандық құрылысшылар жаңа Салық кодексіне наразы болып, петиция жариялады
ЖИ: Dalanews.kz

Қазақстан құрылысшылар одағы ҚҚС мөлшерлемесін 16 пайыздан 14 пайызға дейін төмендетіп, бизнеске арналған салық талаптарын қайта қарауды талап етті. Сала өкілдерінің пікірінше, жаңа ережелер кәсіпкерлердің шығынын арттырып, құрылыс құнының қымбаттауына әкелуі мүмкін, деп хабарлайды dalanews.kz.

Айта кетейік, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда ҚҚС мөлшерлемесі 16 пайызға дейін өсті. Ал ҚҚС бойынша міндетті тіркеуге тұру шегі 43,25 миллион теңгеге дейін төмендеді. Құрылысшылар одағының пікірінше, бұл өзгерістер шағын және орта бизнеске, соның ішінде мердігерлік және өндірістік компанияларға айтарлықтай әсер еткен.

Сала өкілдері петиция жариялап, Ұлттық экономика министрлігіне үш ұсыныс жолдады:

— ҚҚС мөлшерлемесін 16 пайыздан 14 пайызға дейін төмендету;

— ҚҚС бойынша міндетті тіркеу шегін 43,25 миллион теңгеден 120 миллион теңгеге дейін көтеру;

— Салық кодексінің 286-бабының 16-тармақшасын алып тастау. Бұл норма оңайлатылған салық режимін қолданатын компаниялармен жұмыс істеген кезде шығындарды шегерімге жатқызуға шектеу қояды.

Петиция авторларының пікірінше, қолданыстағы талаптар ірі мердігерлерді шағын бизнеспен жұмыс істеуден бас тартуға немесе қосымша салық шығындарын көтеруге мәжбүр етеді.

«Негізделген және құжатпен расталған шығындарды есепке алу құқығы серіктестің қандай салық режимін қолданатынына байланысты болмауы керек», – деп мәлімдеді Қазақстан құрылысшылар одағы.

Ұйым өкілдері ұсынылған өзгерістер құрылыс компанияларының шығындарын азайтып, ірі мердігерлер мен шағын бизнес арасындағы ынтымақтастықты сақтауға мүмкіндік береді деп есептейді.

Айта кетейік, қазан айының соңында Премьер-министр Олжас Бектенов жауапты министрліктерге бір ай ішінде басқа елдердің тәжірибесін зерттеп, ірі байлық иелеріне салық салу жолдары бойынша ұсыныс әзірлеуді тапсырған еді.