Ішкі істер министрінің 2026 жылғы 30 қазандағы бұйрығымен Қазақстан азаматтарының шетелге тұрақты тұруға кетуіне құжаттарды рәсімдеу тәртібіне өзгерістер енгізілді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Жаңа ережеге сәйкес азаматтың Қазақстан аумағында тіркелгені туралы мәлімет болмаса, ол тіркеу дерегін анықтау үшін ішкі істер органдарына өтініш беруі керек. Қазақстанда тұрақты тіркеуі бар, бірақ ел азаматтығынан шыққан немесе азаматтығынан айырылған адамдар шетелге тұрақты тұруға кету құжаттарын рәсімдеу үшін алдымен Қазақстанда тұрақты тұратын шетел азаматы немесе азаматтығы жоқ адам ретінде тіркелуге тиіс.
Құжаттар Халыққа қызмет көрсету орталығы (ХҚКО) немесе электрон портал арқылы қабылданады. Мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі - 20 жұмыс күні.
Өтініште қате болса немесе құжаттар толық ұсынылмаса, кемшіліктерді түзетуге 15 жұмыс күні беріледі. Бұл уақыт мемлекеттік қызмет көрсету мерзіміне кірмейді. Қателер белгіленген мерзімде түзетілмесе, құжаттарды қабылдаудан бас тартылады. Құжаттар толық тапсырылғаннан кейін мәлімет ІІМ-нің көші-қон қызметінің ақпараттық жүйесіне енгізіледі. Тиісті мемлекеттік органдар құжаттарды 10 жұмыс күні ішінде келіседі.
Оң шешім қабылданған жағдайда азаматты әскери есептен шығару рәсімі жүргізіледі. Тиісті хабарлама алғаннан кейін азамат бір жұмыс күні ішінде ХҚКО-ға барып, жеке куәлігін немесе тиісті тұру құжатын тапсыруы керек.
Осыдан кейін азамат Қазақстандағы тұрақты тіркеуден шығарылып, оған шетелге тұрақты тұруға кетуге қажет құжаттарды рәсімдеу туралы шешім беріледі.
Өтініш электрон портал арқылы берілсе, шешім электрон цифрлық қолтаңбамен расталып, азаматтың жеке кабинетіне жіберіледі.