Алматы облыстық балалар клиникалық ауруханасында магнит жұтып қойған төрт және жеті жастағы екі ағайындыға шұғыл ота жасалды. Дәрігерлер балалардың ағзасынан барлығы 32 магнит алып шыққан. Бұл туралы медициналық мекеме хабарлады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Балалар ауруханаға іші үздіксіз ауырып, мазасызданған соң жеткізілген. Тексеру кезінде олардың асқазан-ішек жолдарынан бірнеше магнит анықталған. Дәрігерлер жағдайдың қауіпті екенін ескеріп, балаларды шұғыл түрде ауруханаға жатқызған.
Төрт жастағы баланың асқазаны мен аш ішегінің әртүрлі бөлігінен 29 магнит табылған. Оның 15-і асқазанынан, қалған 14-і аш ішегінен алынған. Магниттер бір-бірінен алшақ орналасқанына қарамастан, бір-біріне тартылып, ішекті қысып тұрған.
Ота кезінде хирургтер баланың ішегінен Меккель дивертикулын да алып тастаған. Бұл – ішектегі туабітті қалта тәрізді өсінді.
Ал жеті жастағы баланың тоқ ішегінен бір-біріне жабысып қалған үш магнит табылған. Дәрігерлер лапароскопиялық әдіспен ота жасап, магниттерді соқыр ішек тұсына жылжытып, сол жерден алып шыққан. Бұл тәсіл ішекті тікелей кеспей-ақ бөгде заттарды алуға мүмкіндік береді.
Облыстық балалар клиникалық ауруханасының хирургі Асқар Қаназовтың айтуынша, балалар магниттерді үйде ойнап жүріп абайсызда жұтып қойған. Ата-анасы дер кезінде жедел жәрдем шақырып, балаларды медициналық мекемеге жеткізген.
Дәрігер бірнеше магнитті жұтып қою баланың өміріне қауіп төндіруі мүмкін екенін ескертті. Себебі магниттер ішектің әртүрлі бөлігінде орналасса да, бір-біріне тартылып, ішекті қысады. Соның салдарынан қан айналымы бұзылып, ішек зақымдануы немесе тіпті тесіліп кетуі мүмкін.
Балалар магнит жұтқаннан кейін шамамен бес сағат өткен соң ауруханаға түскен. Хирургтің сөзінше, олардың уақытылы жеткізілуі мен медицина мамандарының үйлесімді жұмысының арқасында ауыр асқынудың алдын алған.
Отадан кейін екі бала да қайта тексеріліп, ағзаларында қосымша магнит жоқ екені анықталған. Тоғыз күн емделген соң олар үйлеріне шығарылды.
Дәрігерлер ата-аналарға магнитті конструкторлар мен ұсақ ойыншық бөлшектерін балалардың қолы жетпейтін жерде сақтауға кеңес береді. Сондай-ақ балалардың қандай ойыншықтармен ойнайтынын бақылау қажеттігін ескертеді.
Мамандардың айтуынша, магнит жұтқан балада алғашқы кезде ешқандай белгі болмауы мүмкін. Кейін іштің ауыруы, кебуі, жүрек айну, құсу, тәбеттің төмендеуі, мазасыздық, дене қызуының көтерілуі және үлкен дәреттің бұзылуы байқалуы ықтимал.
Дәрігерлер баланың магнит жұтқанына күдік болса, белгілердің пайда болуын күтпей, дереу медициналық көмекке жүгінуге шақырады.