Қазақстанда перзентхана мен аурухана басшыларының 20 пайызы тесттен өте алмады

Қазақстанда перзентхана мен аурухана басшыларының 20 пайызы тесттен өте алмады
ЖИ: Dalanews.kz

Қазақстанда перзентхана, балалар ауруханасы және жедел жәрдем қызметтерінің 47 басшысы мен орынбасары аттестация кезінде қажетті ұпай жинай алмаған. Бұл – тест тапсырғандардың 20 пайызы, деп хабарлайды dalanews.kz.

Тестілеу 14 қазанда басталған. 2 қарашаға дейін 15 өңірден 235 адам сынақ тапсырған. Бұл аттестациядан өтуі тиіс мамандардың 72,1 пайызы. Тест тапсырғандардың 188-і қажетті ұпай жинап, сынақтан өткен. Ал 47 адам белгіленген межеге жете алмаған. Олардың 25-і – медициналық ұйым басшысы, 22-сі – орынбасары. Тағы 27 адам тестілеуге мүлде келмеген.

Тестілеуден өте алмағандар Ақмола, Маңғыстау және Қостанай облыстарында көп. Осы үш өңірдегі көрсеткіш барлық төмен нәтиже көрсеткен қатысушылардың 55,3 пайызына тең. Ал Астана мен Павлодар облысында тест тапсырғандардың барлығы қажетті ұпай жинаған.

Қолданыстағы ережеге сәйкес, тестілеуден өте алмаған мамандар келесі кезеңге, яғни әңгімелесуге қатыса алмайды. Олар алты айдан кейін қайта сынақ тапсыра алады.

Айта кетейік, аттестация тек перзентхана, балалар ауруханасы және жедел жәрдем станцияларының басшылары мен олардың орынбасарларына қатысты. Тестілеу 2026 жылдың желтоқсан айының соңына дейін жалғасады. Қазір жарияланған сандар – алғашқы кезеңнің алдын ала қорытындысы.