Қазақстандық QazVac вакцинасын халықаралық деңгейде тіркей алмады

Қазақстандық QazVac вакцинасын халықаралық деңгейде тіркей алмады
pixabay.com

Қазақстанда әзірленген QazVac коронавирус вакцинасы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымында (ДДСҰ) тіркеуден өтпеді. Вакцинаны әзірлеуге 2 млрд теңгеден астам, ал Жамбыл облысындағы зауыт құрылысына шамамен 7 млрд теңге жұмсалған. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мәлімдеді., деп хабарлайды dalanews.kz.

QazVac вакцинасын Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының мамандары әзірлеген. Пандемия кезінде қазақстандық 300 мыңнан астам адам осы вакцинаны алған.

Жарияланған зерттеу нәтижесінде препараттың тиімділігі 82% деп көрсетілген. Алайда вакцина халықаралық тіркеуден өте алмады. 2023–2024 жылдары ДДСҰ қосымша талаптар қойған.

Қазақстан дәрілік заттарды реттеу жүйесінің жетілу деңгейі бойынша ДДСҰ-ның үшінші деңгейіне тек 2026 жылғы сәуірде қол жеткізді.

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың айтуынша, қазіргі уақытта QazVac вакцинасын халықаралық деңгейде тіркеуге күш салу тиімсіз. Оның орнына Қазақстан ДДСҰ жүйесінің төртінші, ең жоғары жетілу деңгейіне қол жеткізу үшін зертханалық кешен салуды жоспарлап отыр.

Жаңа зертхана құрылысы 2027 жылы басталуы мүмкін.