Ақтөбеде ер адам бұрынғы жұбайын өлтірді деген күдікпен ұсталды. Қайғылы оқиға 5 қараша күні болған. Марқұмның артында кішкентай қызы қалған, деп dalanews.kz тілшісі Stan.kz басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Оқиға туралы алғашқы ақпарат әлеуметтік желіде тараған. Қаза тапқан әйелдің туыстары қайғылы жағдайды жариялап, жақын адамынан айырылғанын жеткізген. Марқұмның жақындарының бірі бұрынғы ерлі-зайыптылардың ортақ баласы болғанын айтып, болған жағдайға байланысты жанайқайын білдірді.
"Кеше түнде Ақтөбеде менің әпкемді бұрынғы күйеуі өлтіріп кетті. Екеуінің ортақ баласы бар еді. Еркектер сендерге не болған? Жап-жас қызды қорлап өлтіріп тастады, өзі түрмеге кетті, кішкентай қызы жетім қалды", – делінген жазбада.
Әйелдің тағы бір туысы да әлеуметтік желідегі парақшасында қаралы хабармен бөлісті. Ол марқұмның мезгілсіз қазасы бүкіл отбасы үшін ауыр соққы болғанын жазған.
"Мезгілсіз өлім, мезгілсіз қайғы, мезгілсіз жоқтау. Жаным-ау, адам қолынан боларын кім білген?! Жап-жас едің ғой. Жүрегім қарс айырылып, қол-аяғым байланып отыр. Тәтелеп артымнан ерген сіңлім едің, бауырым едің. Сенің өміріңді алған адамның Алла жазасын берсін. Ботам-ау, артыңда қалған періштені аяп отырмын. Шыбын жаны шырылдап қалған әке-шеше, ата-әжеңді аяп отырмын. Сені өлтірген айуанды араларыңдағы періштенің көз жасы аямасын", – деп жазба қалдырды марқұмның жақыны.
Ақтөбе облыстық Полиция департаменті әйел өліміне қатысты ақпаратты растады. Құқық қорғау органдары күдіктінің ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалғанын хабарлады. Полиция департаменті бастығының орынбасары Әсет Қалиевтің айтуынша, қылмысқа бұрынғы ерлі-зайыптылар арасындағы тұрмыстық жанжал себеп болуы мүмкін.
"Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Полиция қызметкерлері күдіктінің жеке басын анықтап, оны ұстады. Қазір күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Алдын ала мәлімет бойынша, қылмыс бұрынғы ерлі-зайыптылар арасында тұрмыстық жанжал салдарынан болған. Қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді", – деп хабарлады Әсет Қалиев.
Сонымен қатар полиция бұған дейін аталған азаматтардың арасындағы отбасылық жанжалдарға қатысты құқық қорғау органдарына ешқандай арыз немесе шағым түспегенін мәлімдеді.
Қазіргі уақытта қылмыстық іс бойынша тергеу амалдары жалғасып жатыр. Оқиғаның нақты мән-жайы анықталуда.