Атырауда 13 жастағы қызға пышақпен шабуыл жасап, оны өлтірмек болған мектеп оқушысы 15 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Оқиға 13 наурызда болған. Тоғызыншы сынып оқушысы сабаққа өз ауысымынан тыс уақытта келіп, күзетшіге көзілдірігін ұмытып кеткенін айтқан. Мектеп дәлізінде ол сегізінші сыныпта оқитын қызға шабуыл жасап, бес рет пышақ сұққан. Жараланған оқушы облыстық балалар ауруханасына жеткізілді. Дәрігерлер қыздың өмірін сақтап қалды.
Анасының сөзінше, ұлы екі жыл бойы сыныптастарының мазағына қалған. Оқушылар оны сырт келбетіне байланысты да келемеждеген.
Сот отырысында да буллинг мәселесі көтерілді. Жасөспірімнің бұған дейін мектеп психологына барып, өзіне көрсетілген қысымға шағымданғаны анықталды. Алайда оған қатысты физикалық зорлық-зомбылық жасалғаны туралы мәлімет расталмады.
Сот-психиатриялық сараптама жасөспірімді ақыл-есі дұрыс деп таныды. Сарапшылардың қорытындысы бойынша, ол өз әрекетінің мәнін түсінген және оны басқара алған.
Сотта шабуыл аяқ астынан жасалмағаны анықталды. Жасөспірім қылмысқа бірнеше күн бойы дайындалған. Сондай-ақ шабуыл жасаған оқушы мен зардап шеккен қыздың бұған дейін таныс болмағаны және арасында ешқандай жеке жанжал болмағаны белгілі болды. Іс алқабилердің қатысуымен қаралды.
Зарема Хамидуллина төрағалық еткен сот жасөспірімді адам өлтіруге оқталғаны үшін кінәлі деп танып, 15 жылға бас бостандығынан айырды. Ол жазасын кәмелетке толмағандарға арналған орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейді.
Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ. Оған апелляциялық шағым түсіруге болады.