Қазақстан банктері киберқауіпсіздігін жыл сайын тексеріп отырады

Қазақстан банктері киберқауіпсіздігін жыл сайын тексеріп отырады
pixabay.com

Қазақстанның қаржы ұйымдары киберқауіпсіздік жағдайын бағалау және ақпараттық қауіпсіздік оқиғаларына әрекет ету шараларын жылына кемінде бір рет өткізуге міндеттеледі. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Агенттік басқармасының 2026 жылғы 30 қазандағы №151 қаулысымен қаржы ұйымдарының киберқауіпсіздігін бағалау және ақпараттық қауіпсіздік оқиғаларына ден қою тәртібі бекітілді.

Жаңа ережелерге сәйкес, бағалау үш бағыт бойынша жүргізіледі.

Біріншісі – құжаттамалық бағалау. Бұл кезеңде ұйымдардың ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге арналған ішкі құжаттары, жоспарлары мен рәсімдері тексеріледі.

Екіншісі – функционалдық бағалау. Мұнда қызметкерлер мен бөлімшелердің киберинциденттерге әрекет етуге және дағдарыс жағдайында өзара жұмыс істеуге дайындығы бағаланады.

Үшіншісі – техникалық имитациялық сынақтар. Мамандар киберқауіптерді модельдеу арқылы ұйымның шабуылды анықтау, оған ден қою және маңызды ақпараттық ресурстардың жұмысын қалпына келтіру мүмкіндігін тексереді.

Агенттік жаңа тәсілді сынақтан өткізу үшін екінші деңгейдегі үш банктің қатысуымен пилоттық кибероқу-жаттығулар өткізген.

2027 жылы киберқауіпсіздікті бағалау шараларымен Қазақстандағы барлық екінші деңгейдегі банктерді қамту жоспарланып отыр.