Қорғаныс министрлігінің қызметін кешенді тексеру жөніндегі комиссия аралық қорытындыны ұсынды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Мемлекет басшысы құрған комиссия Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің қызметін кешенді тексерудің аралық қорытындысын ұсынды.
Тексеріс қорғаныс ведомствосының 104 нысанын қамтыды. Бюджет қаражатын пайдалану тиімділігіне аудит жалғасып жатыр.
Комиссия жұмысы аясында қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, әскери қызмет өткеруге тиісті жағдай жасауға, азық-түлікпен және киім-кешекпен жабдықтау, медициналық көмек көрсету сапасына, сондай-ақ, мемлекеттік мүлік сақталуына баса назар аударылып отыр.
"Анықталған жекелеген құқықбұзушылық деректері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Қазір қылмыстық қудалау органдарының қарауында 37 іс бар. Тергеу мүддесіне байланысты бұл істер жөніндегі мәлімет әзірге жария етілмейді. Комиссияның ұсыныстары Әскери реформа жоспарын іске асыру барысында да пайдаланылып жатыр", - деп жазылған хабарламада.
Комиссия жұмысы биыл қарашада аяқталады.