Танымал тележүргізуші әрі әнші Аша Матай "Қазақ аруы – 2026" байқауынан кейін әлеуметтік желі қолданушыларының сынына ұшырады. Бұл жолы жұртшылық оның бірнеше жыл бұрын түсірілген бейнежазбасын қайта талқылай бастады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Бұған дейін "Қазақ аруы – 2026" байқауында Аша Матай қатысушы қыздарға Қазақстанның тарихы мен саясатына қатысты сұрақтар қойған. Алайда жүргізушінің кейбір бойжеткендердің сөзін бөліп, олардың ойын толық жеткізуіне мүмкіндік бермегені көрермендердің наразылығын туғызған.
Осы жағдайдан кейін әлеуметтік желіде өнер иесінің бұрынғы бейнежазбасы қайта тарады. Видеода Аша Матайға "Қазақ хандығы қай жылы құрылды?" деген сұрақ қойылады. Алайда тележүргізуші оған дұрыс жауап бере алмаған.
Желі қолданушылары бұл жағдайды "Қазақ аруы" байқауындағы оқиғамен байланыстырып, жүргізушінің өзіне де тарихи білімін толықтыру қажеттігін ескерткен.
"Қазақ хандығы 1465-1466 жылдары құрылды, Аша ханым! Сахнадағы жас қыздарды сонша қинайтындай сіз де тарихты қатырып тұрған жоқсыз", – деп жазды желі қолданушылары.
Пікір білдірушілердің бір бөлігі өзгенің білім деңгейін бағаламас бұрын адамның өзі де қойылған сұрақтарға жауап бере алуы керек деген көзқарасын жеткізген.