Қазақстанда бекітілген жерасты су қоры тәулігіне 43,2 млн текше метрді құрағанымен, оның нақты пайдаланылып отырған көлемі небәрі 1,5 млн текше метр шамасында. Яғни қолда бар қордың тек 3,5%-ы ғана игеріліп отыр, деп хабарлайды dalanews.kz.
Осы мәселеге алаңдаған «Әділет» партиясының депутаттары Үкіметтен жерасты су ресурстарын тиімді пайдалану және қараусыз қалған ұңғымаларды жою жөнінде нақты шаралар қабылдауды талап етті.
Депутат Бота Елеусізова бастаған фракция мүшелері Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевқа жолдаған сауалында Қазақстанның жерасты су әлеуеті әлі де толық пайдаланылмай отырғанын мәлімдеді.
Олардың айтуынша, әсіресе су тапшылығы байқалатын өңірлерде жерасты суларын ауыл шаруашылығы мен елді мекендердің қажеттілігіне пайдалану мәселесі өзекті. Алайда бұл ресурсты игеру кезінде судың табиғи жолмен толықтырылу мүмкіндігі, сапасы, минералдану деңгейі және нақты алынатын көлемі ескерілуі қажет.
Депутаттар 2026 жылғы мәлімет бойынша, елде иесіз, авариялық және өздігінен төгілетін 2 256 гидрогеологиялық ұңғыма бар екенін атап өтті. Олардың уақытылы жойылмауы немесе тиісті тәртіппен консервацияланбауы су ысырабына әкеліп, қоршаған ортаға зиян келтіруі мүмкін.
Сондай-ақ депутаттар жерасты суларының мониторингі жеткілікті деңгейде жүргізілмей отырғанын, гидрогеологиялық деректерді бірыңғай цифрлық жүйеге біріктіру және нақты су алу көлемін бақылау қажеттігін көтерді.
Осыған байланысты фракция Үкіметтен бес бағыт бойынша шара қабылдауды сұрады.
Біріншіден, жерасты су қорларын өңірлер бойынша түгендеп, олардың нақты пайдаланылуы мен игеру мүмкіндігіне кешенді талдау жүргізу қажет.
Екіншіден, иесіз және авариялық ұңғымаларды жою мен консервациялау жұмыстарын жеделдетіп, олардың бірыңғай цифрлық тізілімін қалыптастыру ұсынылды.
Үшіншіден, жерасты суларының мониторингін жаңғыртып, геологиялық және гидрогеологиялық деректерді бірыңғай цифрлық жүйеге біріктіру қажет.
Төртіншіден, ауыл шаруашылығында жерасты суларын пайдалану лимиттерін ғылыми негізде белгілеп, нақты су алу көлемін цифрлық есепке алу және бақылау тетігін енгізу ұсынылды.
Бесіншіден, жерасты су қорларын барлау мен бағалауға бөлінетін бюджет қаражатының тиімділігіне талдау жүргізу қажет.
Депутаттардың пікірінше, жерасты сулары – елдің су қауіпсіздігін қамтамасыз ететін стратегиялық ресурс. Оларды тиімді басқару ауыл шаруашылығының тұрақтылығын арттырып, халықты ауызсумен қамтамасыз етуге және өңірлердің дамуына ықпал етеді.
Фракция Үкіметтен көтерілген мәселелер бойынша қабылданатын шаралар, оларды іске асыру мерзімдері мен күтілетін нақты нәтижелер туралы заңнамада белгіленген мерзімде жазбаша жауап беруді сұрады.