Қытайдан келген жүктерді қайта тиеу құны екі еседен астам қымбаттаған

Қытайдан келген жүктерді қайта тиеу құны екі еседен астам қымбаттаған
pixabay.com

Қазақстан-Қытай шекарасындағы «Достық» станциясында контейнерлер жүк иелерінің келісімінсіз тарифі қымбат терминалдарға бағытталып жатуы мүмкін, деп хабарлайды dalanews.kz.

Соның салдарынан кәсіпкерлер алдын ала келіспеген қосымша шығындарды төлеуге мәжбүр. «Ақ жол» фракциясының депутаттары Бас прокуратура мен Үкіметтен бұл жағдайды тексеруді талап етті.

Депутат Асылхан Қожахметовтің айтуынша, кәсіпкерлер Қазақстан-Қытай шекарасы арқылы жүк тасымалдау кезінде бірнеше жылдан бері кедергілерге тап болып келеді. Фракция бұл мәселені 2021 жылы контейнерлердің жолда тұрып қалуына байланысты, ал 2025 жылы вагондарды жеткізудегі қиындықтарға орай көтерген. Алайда депутаттардың сөзінше, жағдай жақсарудың орнына күрделене түскен.

Кәсіпкерлердің мәліметінше, «Достық» станциясында жүктерді қайта тиеуге арналған төрт терминал бар: «КеденТрансСервис», «Евротранзиттерминал», «ДостықТрансТерминал» және «Атасу». Жүк иелері алдын ала белгілі бір терминалмен келісімшарт жасап, қызмет ақысын төлегеніне қарамастан, Қытайдан келетін контейнерлер олардың келісімінсіз басқа терминалға, соның ішінде «ДостықТрансТерминалға» бағытталуы мүмкін.

Станция басшылығы мұны контейнерлерді терминалдар арасында теңдей бөлу қажеттігімен түсіндіреді. Алайда депутаттар мұндай шешімнің нақты негіздемесі жоқ екенін алға тартады.

«SevenR Logistics» ЖШС ұсынған деректерге сәйкес, 2026 жылғы қазанда «Достық» станциясындағы шамамен 3 720 контейнердің 978-і «КеденТрансСервиске», 1 069-ы «Евротранзиттерминалға», 1 534-і «ДостықТрансТерминалға», ал 139-ы «Атасу» терминалына тиесілі болған.

Депутаттар әсіресе контейнерлердің станциядан 10 шақырым қашықтықта орналасқан «ДостықТрансТерминалға» көптеп бағытталуына күмән келтіреді.

Мәселенің тағы бір қыры – қызмет құны. Кәсіпкерлердің айтуынша, балама терминалдарда бір контейнерді қайта тиеу тарифі 90 доллардан аспайды. Ал «ДостықТрансТерминал» ЖШС бұл қызмет үшін 205–235 доллар алады. Осылайша, жүк иесінің келісімінсіз терминал ауыстыру кәсіпкерлерге едәуір қосымша шығын әкелуі мүмкін.

«Ақ жол» фракциясы мұндай тәжірибе бәсекелестікке кедергі келтіріп, жекелеген операторларға негізсіз артықшылық беруі ықтимал деп есептейді. Депутаттар бұл жағдай Қазақстанның көлік-логистикалық әлеуетін дамыту жөніндегі стратегиялық міндеттерге де қайшы келетінін атап өтті.

Осыған байланысты фракция Бас прокуратурадан «Достық» станциясы лауазымды тұлғаларының контейнерлерді жүк иесінің келісімінсіз басқа терминалға бағыттау әрекеттерінің заңдылығын тексеруді сұрады.

Сонымен қатар депутаттар контейнерлерді терминалдар арасында бөлу тәртібін нақты белгілеуді, тарифі жоғары терминалдардың қосымша шығындарын жүк иелеріне жүктеудің заңдылығын анықтауды талап етті.

Бұдан бөлек, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен бірлесіп, терминалдарға контейнер бөлудегі ашықтықты қамтамасыз ету, ықтимал негізсіз бәсекелестік артықшылықтар мен тарифтердің негізділігін тексеру ұсынылды.