АҚШ-тағы сайлаудан кейін әлемді не күтіп тұр? Сарапшылар алдағы өзгерістерді талдады

АҚШ-тағы сайлаудан кейін әлемді не күтіп тұр? Сарапшылар алдағы өзгерістерді талдады
Фото: astanatv.kz, жеке архив

Бүгін АҚШ-та Конгресс сайлауы өтіп жатыр. Президент сайланбайтын бұл науқан сырт көзге ішкі саяси бәсеке болып көрінуі мүмкін. Алайда оның нәтижесі Дональд Трамп әкімшілігінің алдағы екі жылдағы мүмкіндігін, АҚШ-тың сыртқы саясатын және әлемдік нарықтағы ахуалды айқындайды.

Сайлауда Өкілдер палатасындағы 435 орынның барлығы және Сенаттағы 35 орын сарапқа салынады. Сонымен қатар 36 штатта губернатор сайлауы өтеді. Қазір Конгрестің екі палатасында да республикашылар басым. Өкілдер палатасын бақылауға алу үшін демократтарға кемінде төрт қосымша орын қажет. Ал Сенатта қай партияның үстемдік ететіні бірнеше шешуші штаттағы дауыс беру қорытындысына байланысты.

Dalanews.kz редакциясы АҚШ-тағы сайлаудың саяси және экономикалық маңызын саралап, оның әлемдік нарық пен Қазақстанға әсерін саясаттанушы Жанат Момынқұлов және қаржы сарапшысы Айбар Олжаймен бірге талдады.

Трамп үшін саяси сынақ

Бұл сайлауда президент таңдалмайды. Дегенмен оның нәтижесі америкалықтардың Трамп әкімшілігінің алғашқы екі жылдағы жұмысына қандай баға беретінін көрсетеді. Саясаттанушы Жанат Момынқұловтың айтуынша, сайлаушылардың таңдауы Конгрестің ішкі және сыртқы саясаттағы бағытын айқындайды.

“Сайлау Трамп үшін маңызды саяси сынақ болмақ. Республикашылар Конгрестегі басымдығын сақтай ма, әлде демократтар Сенатта, Өкілдер палатасында немесе екі палатада да бақылауға ие бола ма? Сайлаудың басты саяси мәні президенттік билік пен Конгресс арасындағы күштер тепе-теңдігінің қалай өзгеретініне байланысты”, – дейді саясаттанушы.

Республикашылар екі палатадағы басымдығын сақтаса, Трамп әкімшілігі салықты төмендету, көші-қон тәртібін қатаңдату, мемлекеттік реттеуді азайту, энергетика мен отандық өндірісті қолдау жөніндегі бағдарламаларын жалғастыруға мүмкіндік алады.

Ал демократтар палаталардың бірін бақылауға алса, Ақ үйге парламенттік қысым күшейеді. Бюджетті бекіту, жаңа заңдар қабылдау және мемлекеттік бағдарламаларды қаржыландыру қиындайды.

"Демократтар Өкілдер палатасында басымдыққа ие болса, әкімшілік жұмысына қатысты тексерулер жүргізіп, Трамп ұсынған заң жобаларын тежей алады. Ал Сенатты бақылауы президент ұсынған жоғары лауазымды тұлғалар мен федералдық судьяларды бекітуге ықпал етеді", – деп түсіндірді Жанат Момынқұлов.

Алайда партиялар ортақ мәмілеге келе алмаса, бюджет төңірегіндегі дау ушығып, мемлекеттік мекемелердің жұмысы уақытша тоқтауы мүмкін. Мемлекеттік қарыз шегін көтеру мәселесі де жаңа саяси тартысқа ұласуы ғажап емес.

Қымбатшылық сайлау нәтижесіне әсер ете ме?

Науқан барысында көші-қон, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту, тұрғын үй және сыртқы саясат мәселелері көтерілді. Алайда сайлаушыларды ең көп алаңдатқан мәселе – күнкөріс құнының өсуі.

“Reuters/Ipsos орталығының сайлау қарсаңында жүргізген соңғы сауалнамасында демократтарды қолдаушылар үлесі 46%, республикашыларды қолдаушылар 38% болған. Қатысушылардың 78%-ы күнкөріс құнының өсуін дауыс беруге әсер ететін маңызды немесе ең басты мәселе деп атаған. Алайда жалпыұлттық сауалнама жекелеген штаттар мен сайлау округтеріндегі нәтижені дәл көрсете алмайды”, - дейді Жанат Момынқұлов.

Оның сөзінше, экономикадағы өсімге қарамастан, баспана, азық-түлік, жанармай мен медициналық қызметтің қымбаттауы америкалықтардың тұрмысына салмақ түсіріп отыр.

“Сайлау Трамп әкімшілігінің экономикалық саясаты қарапайым азаматтардың тұрмысына қаншалықты әсер еткенін де көрсетеді. Республикашылар салықты төмендету, көші-қонды шектеу, энергетика мен отандық өндірісті қолдау мәселесіне басымдық береді. Демократтар әлеуметтік шығындарға, медициналық қызметтің қолжетімділігіне, халықтың тұрмыс деңгейі мен атқарушы билікті бақылауға көбірек назар аударады”, – дейді ол.

Сайлау нәтижесі Трамптың жеке рейтингіне ғана емес, республикашылардың 2028 жылғы президенттік сайлау алдындағы жағдайына да әсер етеді. Конгрестегі басымдықты жоғалту Ақ үйдің алдағы екі жылдағы жұмысын қиындатып, демократтардың саяси мүмкіндігін арттыруы мүмкін.

Нарық үшін қай нәтиже тиімді?

АҚШ экономикасындағы және саясатындағы өзгерістер әлемдік нарықты айналып өтпейді. Себебі доллар халықаралық сауда мен қаржы жүйесінде негізгі валюта ретінде қолданылады. Сондықтан сайлау қорытындысы акциялар мен мемлекеттік облигацияларға, сондай-ақ мұнай мен алтын бағасына әсер етуі мүмкін.

Алайда қаржы сарапшысы Айбар Олжай нарықтың алғашқы реакциясы айқын болғанымен, сайлау нәтижесі экономикалық ахуалды бір күнде түбегейлі өзгертпейтінін айтады.

“Республикашылар жеңсе, олардың қазіргі саясатына сай қалыптасқан нарықтық үрдістер жалғасады. Ал демократтар басымдыққа ие болған жағдайда инвесторлардың болжамы өзгеріп, нарық басқа бағытқа бет бұруы мүмкін”, – дейді Айбар Олжай.

Нарық үшін тек қай партияның жеңгені емес, Конгрестегі күштердің қалай бөлінгені маңызды. Бір партия Ақ үй мен Конгрестің екі палатасын қатар бақыласа, өз бағдарламаларын жылдам жүзеге асыруға мүмкіндік алады. Бұл салық, тариф, энергетика, банк жүйесі, технология және криптовалюта салаларындағы саясаттың өзгеруіне жол ашады.

Ал билік партиялар арасында бөлінсе, ауқымды реформаларды қабылдау қиындайды. Бір жағынан, бұл саяси белгісіздік тудыруы мүмкін. Екінші жағынан, инвесторлар күрт өзгерістер болмайтынына сенімді болады. Сондықтан Конгрестің бөлінуі кей жағдайда нарық үшін қолайлы сценарий саналады.

Соған қарамастан, биржалардың ұзақ мерзімді бағытын сайлаудан бұрын АҚШ Федералдық резерв жүйесінің пайыздық мөлшерлемесі, инфляция, еңбек нарығы, тарифтік саясат және геосаяси қақтығыстар айқындайды. Morgan Stanley сарапшылары да аралық сайлаудан кейін акциялар нарығында ұзаққа созылатын түбегейлі өзгеріс бола бермейтінін, ал облигациялар нарығы көбіне Федералдық резерв саясатына тәуелді екенін атап өтті. 

Мұнай арзандап, алтын қымбаттауы мүмкін бе?

Айбар Олжайдың болжамынша, демократтар Конгресте басымдыққа ие болса, мұнай бағасына қысым күшеюі мүмкін. Себебі олар АҚШ-тың Иран мен Ормуз бұғазына қатысты қазіргі саясатын қолдамайды және мұнайдың күрт қымбаттауына қарсы.

“Демократтардың ықпалы артса, Конгресс арқылы осы бағыттағы бірқатар бастаманы тежей алады. Мұндай жағдайда мұнай фьючерстері аздап арзандауы мүмкін”, – дейді қаржы сарапшысы.

Фьючерс мұнайдың болашақтағы бағасына қатысты жасалатын келісім. Сондықтан оның арзандауы нарықтағы мұнай көлемінің азайғанын білдірмейді.

“Нарықтағы жағдай түбегейлі бірден өзгермейді. Дегенмен алғашқы күндері қысқа мерзімді дүрбелең мен баға ауытқуы болуы мүмкін. Мұнай фьючерстерінің арзандауы нақты сұраныс пен ұсыныстың өзгеруінен емес, алдағы екі-үш айға қатысты инвесторлар болжамының қайта қаралуынан туындауы мүмкін”, – дейді Айбар Олжай.

Ал демократтардың айқын жеңісі саяси белгісіздікті күшейтсе, инвесторлар қаржысын қауіпсіз активтерге бағыттауы мүмкін. Мұндай жағдайда алтын уақытша қымбаттайды.

Дегенмен мұнай нарығының бағыты тек сайлау нәтижесіне байланысты болмайды. Иран мен Ормуз бұғазындағы жағдай, Таяу Шығыстағы қақтығыстар, ОПЕК+ шешімдері және әлемдік сұраныс бағаға әлдеқайда күшті әсер етеді.

Қытай, Украина және Таяу Шығыс саясаты өзгере ме?

Саясаттанушы Жанат Момынқұловтың айтуынша, Қытаймен стратегиялық бәсекені жалғастыру мәселесінде демократтар мен республикашылардың ұстанымы ұқсас. Алайда екі партияның кедендік тарифтерді қолдану, технологиялық шектеулер енгізу және одақтас елдермен жұмыс істеу тәсілдері әртүрлі.

“Қытайға қатысты стратегиялық бағыт сақталады. Бірақ әр партия бұл бәсекені өз тәсілімен жүргізеді”, – дейді сарапшы.

Конгрестің жаңа құрамы АҚШ-тың Украинаға көрсететін әскери көмегі мен Ресейге қарсы санкциялық саясатына да ықпал етеді. Демократтар басымдыққа ие болса, Украинаға бөлінетін көмекті қайта арттыруға күш салуы мүмкін. Дегенмен Ресеймен келіссөз жүргізу және дипломатиялық шешім қабылдау өкілеттігі президентте қалады.

Таяу Шығыста Израиль, Иран және аймақтық қауіпсіздік мәселелері негізгі күн тәртібінен түспейді. Егер демократтардың Конгрестегі ықпалы күшейсе, әскери операцияларды қаржыландыру мен Ақ үйдің әрекеттерін бақылауға қатысты талқылау қыза түсуі мүмкін.

“Конгрестегі күштердің өзгеруі АҚШ-тың сыртқы саясатын бірден түбегейлі өзгертпейді. Соған қарамастан, Иранға қатысты күтпеген шешімдер қабылдануы мүмкін”, – дейді Жанат Момынқұлов.

Қазақстан үшін қандай өзгеріс болуы мүмкін?

Саясаттанушы Жанат Момынқұлов АҚШ-тағы сайлаудың Қазақстанға ықпалын төрт бағыт бойынша бағалады.

“Бірінші бағыт – Ресейге қарсы санкциялар. Конгрестегі күштердің арақатынасы өзгерсе, санкциялық бақылау да күшеюі мүмкін. Ресеймен тығыз экономикалық байланысы бар Қазақстан үшін бұл өте маңызды”, - дейді ол. 

Екінші бағыт ретінде ол Қазақстанның уран мен маңызды минералдар саласындағы мүмкіндігін атады.

“АҚШ өндірістік тізбектердегі Қытайға тәуелділігін азайтуға мүдделі. Бұл Қазақстанға жаңа инвестиция тартып, шикізатты терең өңдеу өндірісін дамытуға мүмкіндік береді”, – дейді саясаттанушы.

Үшінші бағыт ретінде сарапшы АҚШ пен Қытай арасындағы бәсекеге тоқталды.

“Вашингтонның Орталық Азияға қызығушылығы артуы мүмкін. Алайда Қазақстан екі державаның бірін таңдамауы керек. Екі тараппен де ұлттық мүддеге сай ынтымақтастық жүргізгені жөн”, – дейді ол.

Төртіншісі – энергетика мен әлемдік нарықтар. 

“Мұнай бағасының төмендеуі Қазақстанның экспорттық кірісіне, бюджет түсіміне және теңге бағамына қысым түсіруі мүмкін. Ал бағаның өсуі экспорттаушы мемлекет үшін қысқа мерзімде тиімді болғанымен, әлемдік инфляцияны күшейтіп, тасымал мен импорт құнын арттырады”, - деп қосты ол. 

АҚШ-тағы аралық сайлау Трамп әкімшілігінің алдағы екі жылдағы саяси мүмкіндігін анықтайды. Республикашылар басымдығын сақтаса, Ақ үй өзінің экономикалық және көші-қон саясатын жалғастыруға кең мүмкіндік алады. Демократтар палаталардың бірін немесе екеуін бақылауға алса, президент бастамаларына кедергі көбейіп, парламенттік бақылау күшейеді.

Алайда сайлау нәтижесіне қарамастан, АҚШ-тың Қытаймен стратегиялық бәсекесі, энергетикалық қауіпсіздікке ұмтылысы және халықаралық ықпалын сақтау саясаты жалғаса береді.

“Қазақстан үшін басты мәселе – Вашингтондағы билік тепе-теңдігінің өзгерісін экономиканы әртараптандыруға, жаңа технологиялар мен инвестиция тартуға және сыртқы саяси дербестігін нығайтуға пайдалану. АҚШ сайлауының Қазақстанға ықпалын тек геосаясатпен емес, нақты экономикалық нәтижелермен бағалау қажет”, – деп қорытындылады Жанат Момынқұлов.

Ал әлемдік нарықтар алғашқы нәтижелерге бірден реакция білдіруі мүмкін. Дегенмен қысқа мерзімді дүрбелең басылғаннан кейін инвесторлардың назары қайтадан инфляцияға, Федералдық резерв шешімдеріне, мұнай нарығына және геосаяси жағдайға ауады. Сондықтан бұл сайлау әлемдік экономиканың бағытын жалғыз өзі өзгертпесе де, алдағы екі жылдағы саяси және нарықтық тәуекелдердің ауқымын айқындайтын маңызды кезең болмақ.

Айта кетейік, сайлау учаскелерінің алғашқысы АҚШ уақытымен 3 қараша кешке жабылады. Сондықтан Қазақстан уақыты бойынша негізгі нәтижелер 4 қарашада белгілі бола бастайды. Алайда Сенаттағы тартыс аса жақын болса, дауыстарды санау бірнеше күнге созылуы мүмкін.