Ақмола облысында Никольское ауылындағы жолдарды жөндеуге бөлінген бюджет қаражатын аса ірі мөлшерде жымқыру күдігі бойынша бұрынғы аудандық бөлім басшысы мен мердігер ұйымның басшыларына қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Бұл туралы Бас прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Тергеу нұсқасы бойынша, 2023 жылы Бұланды ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі мердігер ұйыммен Никольское ауылындағы ұзындығы 5,4 шақырым болатын ауылішілік жолдарды орташа жөндеуге келісімшарт жасасқан. Жобаның құны 167,8 млн теңгені құраған.
Келісімшартты орындау мерзімі 2024 жылдың желтоқсанында аяқталған. Осы уақытқа дейін мердігерге бюджеттен 103 млн теңге аударылған.
Алайда тексеру нәтижесінде 78 млн теңгенің жұмысы іс жүзінде орындалмағаны анықталған. Тергеу дерегінше, бұл қаражат жол жөндеуге қатысы жоқ басқа мақсаттарға жұмсалған.
Қылмыстық іс Ақмола облысы арнайы прокурорларының өндірісіне берілді.
Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, өзге мәліметтер жария етілмейді.