Қазақстанда медицина қызметкерлеріне шабуыл жасағандарға қатысты 50-ге жуық қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Үкіметтегі брифингте Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Министрдің айтуынша, биыл сәуір айында медицина қызметкерлеріне шабуыл жасағаны үшін жауапкершілікті күшейтетін заң нормалары күшіне енді. Содан бері ел бойынша осы санаттағы 50-ге жуық қылмыстық іс тіркелген.
Әлназарова дәрігерлердің негізгі міндеті сапалы медициналық көмек көрсету екенін атап өтті.
Еске салайық, қаңтар айының басында президент Қасым-Жомарт Тоқаев медицина қызметкерлері мен жедел жәрдем жүргізушілеріне шабуыл жасағаны үшін жауапкершілікті көздейтін Қылмыстық және Қылмыстық-процестік кодекстерге енгізілген түзетулерге қол қойған.
Қылмыстық кодекске 380-3-бап енгізілді. Ол медицина қызметкеріне немесе жедел жәрдем жүргізушісіне қызметтік міндетін атқару кезінде өмірі мен денсаулығына қауіпті емес күш қолданғаны немесе күш қолданамын деп қорқытқаны үшін жауапкершілікті қарастырады. Мұндай әрекет үшін 500-ден 1 000 АЕК-ке дейін айыппұл, қоғамдық жұмыстарға тарту, екі жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру жазасы көзделген.
Ал ауырлататын мән-жайлар кезінде, соның ішінде топ болып шабуыл жасау немесе бірнеше медицина қызметкеріне күш қолдану жағдайларында жаза үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айыруды қамтуы мүмкін. Медицина қызметкерінің өмірі мен денсаулығына қауіпті күш қолданғаны үшін бес жылдан он жылға дейін, ал ауырлататын мән-жайлар болғанда жеті жылдан он екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.