Тоқаев Болгарияның тұңғыш әйел президентін сайлаудағы жеңісімен құттықтады

Тоқаев Болгарияның тұңғыш әйел президентін сайлаудағы жеңісімен құттықтады
Фото: shutterstock

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Илияна Йотованы Болгариядағы президент сайлауында жеңіске жетуімен құттықтады. Мемлекет басшысы оған арнайы құттықтау жеделхатын жолдады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтауында Илияна Йотованың сайлаудағы жеңісі Болгария халқының оған деген сенімін көрсететінін атап өтті.

"Сайлаудағы жарқын жеңісіңіз – халқыңыздың сізге артқан жоғары сенімі мен еліңіздің дамуын баянды етуге бағытталған игі бастамаларыңызға көрсеткен қолдауының айқын көрінісі екені сөзсіз", – делінген жеделхатта.

Қазақстан Президенті Илияна Йотоваға жауапты мемлекеттік қызметінде табыс, ал Болгария халқына амандық пен бақ-береке тіледі.

Болгария тарихында алғаш рет әйел президент болып сайланды

2026 жылғы 1 қарашада Болгарияда президент сайлауының екінші кезеңі өтті. Сайлау қорытындысы бойынша Илияна Йотова қарсыласы Андрей Гюровты басып озып, жеңіске жетті.

Ресми нәтижелерге сәйкес, Йотова сайлаушылардың шамамен 57,6 пайыз дауысын жинаған. Ал Андрей Гюровты 39,5 пайызға жуық сайлаушы қолдаған.

Илияна Йотова кім?

Илияна Йотова 1964 жылғы 24 қазанда дүниеге келген.

Ол бұған дейін журналистика және саясат саласында қызмет атқарған. Еуропарламент депутаты болған.

2017 жылдан бастап Болгарияның вице-президенті қызметін атқарды.

Ал 2026 жылғы қаңтарда Румен Радев президенттік өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатқаннан кейін мемлекет басшысы қызметіне кіріскен.

Қарашадағы сайлауда жеңіске жеткен Йотова енді Болгария президенті ретінде жаңа бес жылдық мерзімге сайланды.

Айта кетейік, Болгария – Еуропалық Одақ пен НАТО-ға мүше мемлекет.