Қазақстанда жолбарыстарды тарихи мекеніне қайтару бағдарламасы жалғасып жатыр. 31 қазанда Іле-Балқаш мемлекеттік табиғи резерваты аумағына Амур атты аталық жолбарыс жіберілді. Ол Қазақстанның жабайы табиғатына қайта жіберілген екінші жолбарыс болды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Қазақстан аумағында жолбарыстар табиғи жағдайда 70 жылдан астам уақыт бойы кездеспеген. Биыл 31 шілдеде Үміт есімді ұрғашы амур жолбарысы табиғи ортаға жіберілген болатын. Енді оған Амур қосылды.
Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, Амур Қазақстанға жеткізілгеннен кейін Іле-Балқаш резерваты аумағындағы арнайы бейімдеу қоршауында мамандардың бақылауында болған.
Табиғи ортаға жіберілмес бұрын жолбарыс ветеринарлық тексеруден және мінез-құлқын бағалау сынақтарынан өткен. Мамандар оның денсаулығын, аң аулау дағдыларын, өздігінен қорек табу қабілетін және адамға реакциясын тексерген. Нәтижесінде Амурдың жабайы табиғатта өздігінен тіршілік етуге дайын екені анықталған.
Жолбарыстың қозғалысы мен жаңа ортаға бейімделуін бақылау үшін оған спутниктік қарғыбау тағылған. Бұған дейін табиғи ортаға жіберілген Үміт те резерваты аумағын игеріп, өздігінен аң аулап жүр. Оның қозғалысы да спутниктік құрылғы арқылы бақыланады.
Қазақстанға жеткізілген екі жолбарыс төлі әзірге мамандардың бақылауында өсіп жатыр. Оларды табиғи ортаға жіберу туралы шешім қажетті жасқа жетіп, тиісті сынақтардан өткеннен кейін қабылданады.
Жолбарыстарды қайтару бағдарламасы
Оңтүстік Балқаш өңірі мен Іле өзенінің аңғары тарихи тұрғыда туран жолбарысының мекені болған. Алайда ХХ ғасырдың ортасында тоғайлы ормандардың азаюы, жабайы тұяқты жануарлар санының кемуі және браконьерлік салдарынан бұл жыртқыш Қазақстан аумағынан жойылып кеткен.
2018 жылы Іле-Балқаш мемлекеттік табиғи резерваты құрылып, өңірдің экожүйесін қалпына келтіру жұмыстары басталды. Атап айтқанда, тоғайлы ормандарды сақтау, жолбарыстың қорек базасын көбейту және табиғатты қорғау инфрақұрылымын дамыту шаралары қолға алынды.
2026 жылғы мамырда Ресейдің Хабаровск өлкесінен Қазақстанға екі ересек амур жолбарысы мен екі жолбарыс төлі жеткізілген. Бағдарлама Қазақстан мен Ресейдің бірлескен жұмысы аясында, халықаралық табиғат қорғау ұйымдарының қатысуымен жүзеге асырылып жатыр.
Жоба аясында жергілікті тұрғындардың қауіпсіздігіне де ерекше көңіл бөлінеді. Жолбарыстардың қозғалысын бақылау, тұрғындармен байланыс орнату және ықтимал жанжалдардың алдын алу үшін арнайы топ құрылған.
Бағдарламаның түпкі мақсаты – Іле өзенінің атырауы мен Оңтүстік Балқаш өңірінде табиғи жағдайда өздігінен көбейіп, тіршілік ете алатын тұрақты жолбарыс популяциясын қалыптастыру.