Кремль Тоқаевтың Ресейді Түркі мемлекеттері ұйымына қосу туралы ұсынысына жауап берді

Кремль Тоқаевтың Ресейді Түркі мемлекеттері ұйымына қосу туралы ұсынысына жауап берді
Ақорда

Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков елінің Түркі мемлекеттері ұйымына (ТМҰ) қатысуы қисынды әрі орынды болар еді деп мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Песковтың айтуынша, Ресейде түркі халықтары тарихи тұрғыдан мекендейтін бірнеше өңір бар, деп жазады «Ведомости». 

«Ресейдің Түркі мемлекеттері ұйымына қатысуына келсек, біздің елде халқы тарихи шығу тегі жағынан түркілерге жататын бірқатар өңір бар екенін білесіздер», – деді ол.

Сонымен бірге Мәскеуге ұйымға қосылу жөнінде әзірге ресми шақырту түспеген. Кремль өкілінің сөзінше, бұл мәселе Қазақстанмен өтетін байланыстар барысында талқылануы мүмкін.

Еске салайық, Тоқаев Ресейді Түркі мемлекеттері ұйымына қосуды ұсынған болатын. Мемлекет басшысы бұл бастаманы Анкарада өткен ұйымның 13-саммитінде көтерді. 

Тоқаевтың айтуынша, Ресейді ТМҰ+ форматына қосу немесе ұйым қызметіне бақылаушы ретінде қатыстыру оның халықаралық беделін арттыруға ықпал етуі мүмкін.