Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейді Түркі мемлекеттері ұйымына (ТМҰ) қосылуға шақыруды немесе оған бақылаушы мәртебесін беруді ұсынды. Мемлекет басшысы бұл бастаманы Анкарада өткен ұйымның 13-саммитінде көтерді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Тоқаевтың айтуынша, Ресейді ТМҰ+ форматына қосу немесе ұйым қызметіне бақылаушы ретінде қатыстыру оның халықаралық беделін арттыруға ықпал етуі мүмкін.
«Ұйымымыздың беделін арттыру мақсатында Ресейдің ниетіне оң көзқараспен қарап, оны осы форматқа қосылуға шақыру немесе ТМҰ қызметіне бақылаушы ретінде қатысуына мүмкіндік беру дұрыс әрі әділ шешім болар еді», – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы Ресейдің түркі әлемімен ғасырлар бойы тығыз байланыста болғанын атап өтті. Сондай-ақ Ресей аумағында көптеген түркі халықтарының тарихи тұрғыда өмір сүріп келе жатқанын айтты.