Әлеуметтік желіде "Хакер Атырау" деген атпен танылған азамат алаяқтық ісі бойынша өтіп жатқан сотта өзіне тағылған айыпқа қатысты пікір білдірді. Ол кәсіпкерлік жобасы сәтсіз аяқталғаннан кейін қомақты қарызға батқанын және шетелде жұмыс істеп, берешегінің басым бөлігін өтегенін айтты, деп хабарлайды dalanews.kz.
Атырауда өтіп жатқан сот процесінде айыпталушы журналист Жанат Молдашеваның сұрақтарына жауап берген.
Оның сөзінше, бастапқыда инвесторлар алдындағы берешегі шамамен 100 миллион теңгеге жеткен. Алайда кейін жұмыс істеп, қарыздың бір бөлігін қайтарған.
Айыпталушы инвесторлардан алған қаражатты жеке қажеттіліктеріне жұмсамағанын және барлық қаржылық операция заңды түрде тіркелген жауапкершілігі шектеулі серіктестік арқылы жүргізілгенін мәлімдеді.
"Егер қаражатты қалтама басып, қашып кетсем, мен нағыз алаяқ болар едім. Бірақ мен ЖШС тіркеп, ресми есеп жүргіздім, барлық міндеттемені орындадым", – деді ол.
Сотталушының айтуынша, оның қаржылық қиындықтары 2024 жылы басталған. Ол сол жылы Цифрлық даму министрлігінің өкілдері Атырауға келген кезде басқа компания өздерінің IT-өнімін көшіріп алып, мемлекеттік органдарға жеке әзірлемесі ретінде ұсынғанын мәлімдеді. Айыпталушы бұл жағдайдан кейін стартап жобасының жұмысы тоқтап, қаржылық міндеттемелер өз мойнында қалғанын айтты. Алайда басқа компанияның жобаны заңсыз пайдаланғаны туралы мәлімдеме әзірге айыпталушының жеке ұстанымы болып саналады. Бұл деректің тәуелсіз түрде расталғаны жөнінде ақпарат келтірілмеген.
Айыпталушының сөзінше, IT-жоба тоқтағаннан кейін ол инвесторлар алдындағы берешегін өтеудің басқа жолдарын қарастырған. Осы мақсатта мейрамхана ашқанымен, жаңа кәсіп те табыс әкелмей, қосымша шығынға ұшыратқан.
"Осы оқиғадан соң жобамыз тоқтап, шығынды өз мойныма алуға тура келді. Инвесторлар түсіністік танытпағандықтан, 100 миллион теңгедей қарызға баттым. Оны өтеу үшін мейрамхана ашқан едім, ол да шығынға батырды", – деді ол.
Айыпталушы 2025 жылы өзіне қатысты қылмыстық іс қозғалғаннан кейін Біріккен Араб Әмірліктеріне кеткенін жеткізді. Оның айтуынша, Дубайда жұмыс істеп, тапқан табысы арқылы инвесторлар алдындағы қарызын біртіндеп өтеген.
"2025 жылы үстімнен қылмыстық іс қозғалған соң Дубайға кетуге тура келді. Шетелде жүріп жұмыс істеп, қарызды жауып, оны қазіргі айыпта көрсетілген 13 миллион теңгеге дейін азайттым", – деді айыпталушы.
Осылайша, ол бастапқы берешегінің едәуір бөлігін қайтарғанын айтып, өз әрекетін алаяқтық деп санамайтынын жеткізді. Қазіргі уақытта аталған азаматқа қатысты сот талқылауы жалғасып жатыр. Айыпталушының қаржылық операциялары, инвесторлармен жасалған келісімдері және өзге де мәлімдемелері сотта дәлелдемелер негізінде бағалануға тиіс. Әзірге іс бойынша түпкілікті үкім шыққаны туралы ақпарат жоқ.